«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҒЫМЫЗ БІЛІМГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Қазақстанның болашағы бүгінгі мектеп партасында отырған шәкірттердің біліміне тікелей байланысты екені белгілі. Бүгінгі білім беру ісінің мақсаты – білім, білік дағдыларын меңгерту ғана емес, өзін-өзі дамытуға ұмтылатын ақылды да алғыр, ой-өрісі кең, ақпарат көздерін өз бетімен қорытып, қолдануға қабілетті абзал адам тәрбиелеу. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің жоғары санатты мұғалімі ретінде жаңа заман талабына сай шығармашыл, озық ойлы, өз халқының тарихын, тілін, әдет-ғұрпын құрметтейтін, дарынды, жан-жақты оқушы тәрбиелеуді күнделікті сабақтарымда өз алдыма мақсат етіп қоямын. Ол үшін уақытымды аямай, тынымсыз еңбек етемін.

Талмай еңбектенуімнің арқасында оқушыларым облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері атанды. Нақтырақ тоқталатын болсам, жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында “Тіл тағдыры – ел тағдыры” тақырыбында өткен дебат ойындарында 10-сынып оқушысы Анель Рахимова 3-орынды иеленді. Ғылыми жобалар байқауында “Латын әліпбиін пайдаланудың тиімді жолдары” тақырыбындағы жобамен Дана Шоқтыбаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша республикалық олимпиадада Балбота Аюпова 2-орынды иеленді.  

Кез келген мұғалім заман талабына сай өзінің іс-тәжірибесіне өзгеріс енгізуі қажет, сонда білім сапасы да артады. Мен де бірінші деңгей бағдарламасын тамамдап, өз мектебіме, әріптестерімнің іс-тәжірибесіне өзгерістер енгізуді алдыма мақсат еттім. Өзімнің кәсіби шеберлігімді дамытуда шығармашылық мүмкіндігімді пайдаланып отырамын. “6-ші сыныпта қазақ тілін оқыту. Мәдениеттанымдық аспект” атты әдістемелік құралым, дарынды балалармен жұмыс істеу мақсатында жасаған “Жеделдетіп оқыту”, “Жеке тұлғаның дамуына бағытталған компонент” тақырыптарындағы авторлық бағдарламаларым шықты. Облыс мұғалімдеріне қазақ әдебиетінен “Ыбырай әңгімелерінің тәрбиелік мәні” тақырыбында жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, ашық сабақ өткіздім.

Ұзақ жылғы адал еңбегім және облыстың білім жүйесін дамытуға қосқан үлесім үшін ұстаздар мерекесіне орай Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталдым.

Өткен жыл отбасым үшін де жаман болған жоқ. Үлкен қызым Нұржамал Байқоңыр қаласында өткен халықаралық жобалар сайысына қатысып, ҰБТ-дан босатылды. Бүгінгі күні Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алуда. Екінші қызым Гүлзат та облыстық ғылыми жобалар сайысында математика пәнінен 2-орын иеленді.

Алдағы уақытта қыр-сыры мол, қиын да жауапты ұстаздық еңбекте дарынды шәкірттерімнің бойына жақсы қасиеттерді дарытып, кәсіби даму жолымда әлі де көп жетістіктерге жетемін деген ойдамын.

Жадыра ҚАРЖАУОВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp