«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Болашақта” өзгеріс бар

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өкілдерімен кездесу өтті. Шара барысында талапкерлер “Болашақ” халықаралық бағдарламасымен таныстырылды.

– Қазіргі таңда тек “Болашақ” стипендиясы арқылы ғана емес, өзге де мемлекетаралық грантпен оқуға түсуге болады. Алайда, біз осы халықаралық бағдарламаға баса назар аударып отырмыз. Себебі, биылғы жылдан бастап оған түзетулер енгізіліп, құжаттарды қабылдаудың талабы өзгертілді, – деді “Халықаралық бағдарламалар орталығы” акционерлік қоғамының жетекші менеджері Самал Камарина.

“Болашақ” халықаралық стипендиясы тағайындалған 1993 жылдан бері мыңдаған қазақстандық азамат шетелдік жоғары оқу орындарында сапалы білім алды. Бүгінде министрлік өкілдері халықаралық стипендияға үміткерлердің санын ұлғайту мақсатымен насихат жұмыстарын жүргізуде. Олардың айтуынша, “Болашақ” бағдарламасы бойынша оқып келген түлектердің 22 пайызы басшылық қызметтерді атқарады екен. Биыл аталған бағдарламаға 600 бюджеттік орын бөлінген. Құжаттарды қабылдау 29 мамыр мен 15 қыркүйек аралығында өтеді.

Кездесу барысында студенттер “Болашақ” бағдарламасы бойынша оқудың артықшылықтары, білім сапасы, келешекте жұмысқа орналасу жайында толғандырған сұрақтарын қойды. Халықаралық стипендияның иегері болу үшін, ең бастысы, ағылшын тілін жоғары деңгейде білу қажет. Ал қойылатын басты талап – елге оралғаннан кейін Қазақстанда бірнеше жыл жұмыс істеп, елдің дамуына үлес қосулары тиіс.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp