Бәріміздің тілегіміз бір – үлгілі отбасын құру, өз ісіңнің маманы болу, табысқа жету. Осы арманның ішінде балаларымыз бізден де бақытты болса, жақсырақ өмір сүрсе екен деген тілек жүрек түкпірінде жатқанын несіне жасырайық? Алайда, күйбің тіршіліктің жетегінде жүріп, бала жайына, келешек қамына назар аудара бермейтініміз рас. Дегенмен, адам алдына нақты мақсат қойып, ұмтылса, алмайтын асу жоқ дер едік. Шын талаптанса, жарқын болашаққа жетудің жолдары соншалықты қиын емес. Бұл орайда, ең басты да бағалы құндылық білім екені сөзсіз. Нарық ағымына, уақыт талабына сай білім алудың, қажетті мамандықты игерудің маңызы зор. Сондықтан Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) бойынша депозит ашу арқылы өзіңе және балаңа инвестиция құю бірден-бір дұрыс шешім болар еді.
Бір қуантарлық жайт, қазір көптеген отбасылар халықаралық стандарттарға сәйкес білім алудың маңыздылығын жете түсініп, МБЖЖ депозиттерін ашуға белсенділікпен кіріскен. Бүгінде 21 мыңнан астам салымшының Қазақстанда, шетелде білім алу үшін өзіне, баласының атына қаражат жинақтауы – өте құптарлық іс. Аталмыш мемлекеттік бағдарламаны енгізу арқылы, бір жағынан, ақша жинақтау мәдениетін қалыптастыру көзделіп отыр. Яғни, өзінің немесе баласының болашақта оқуына арналған мақсатты шотқа ие болуды қалыпты әдетке айналдырудан ұтпаса, ұтылмасы анық. Бұл жағдайда оқудың ақысын төлеу мәселесі қазіргідей көкейтесті болмайды. Талапкерлердің 30 пайызына ғана берілетін білім гранттарына үміттеніп қоймай, өзінің жеке капиталына сүйенері сөзсіз.
Енді МБЖЖ депозитін ашу не үшін қажет және ол кімдерге арналған деген мәселеге оралайық. Алдымен, балаңыздан бастайық. Егер жеткіншекке МБЖЖ депозитінің ашылу себебін түсіндірсеңіз, ол кішкене кезінен-ақ білім алудың маңыздылығын ұғына бастайды. Білім грантына іліксе, онда МБЖЖ бойынша жинақталған қорды қандай да бір бастамаға немесе автокөлік сатып алуға, әйтеуір бір қажетіңізге жұмсай аласыз. Бүгінде үздіксіз білім алу (life-long learning) түсінігі кеңінен қалыптасып келеді. Кез келген адам өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша да қор жинай алады. Ата-аналар балалары, ал ата-әжелер немерелері үшін МБЖЖ депозиттерін ұтымды пайдалана білсе, тығырықтан қысылмай шығуға болады деген сөз.
Қор жинау арқылы ересектердің де өздерін қаржылық жағынан қамтамасыз етуіне толық кепілдік берілген. Компаниялар әлеуметтік жауапкершілік аясында қызметкерлерінің немесе олардың балаларының атындағы депозиттерді толықтыруына болады. Меценаттар МБЖЖ білім депозиттерін ашу арқылы әлеуметтік әлсіз топтағы балаларға қайырымдылық қолын созса нұр үстіне нұр.
МБЖЖ депозиттерінің табыстылығы, біріншіден, 5-7 пайыз мөлшерінде мемлекет сыйқақысы және 10 пайызға дейінгі банк сыйақысы есебінен жүзеге асырылады. Екіншіден, 10 млн. теңгеге дейінгі көлемде мемлекет тарапынан кепілдендірілген және үшінші тұлғалардың өндіріп алу шараларынан қорғалған. Салымшы мына жағдайларда жинақтаған қаражатын мемлекет сыйақысымен бірге алуға құқылы: бала грантқа ие болғанда, оқудың ақысын толық төлегеннен кейін қаражат қалғанда, МБЖЖ-ға қатысушы жинақталған қаржыны жылына бір рет бір банктен екінші банкке аудара алады.
Бүгінгідей жаhандану заманында адам өмір бойы білім азығын алып, өзін үнемі жетілдіруге дайын болуы талассыз шындық. Сонымен қатар жас буынды да осыған ерте бастан дайындаған жөн. Қаражаттан қысылмаудың, бақуатты тұрудың бір жолы – сапалы білім алуға инвестиция құю. МБЖЖ бағдарламасы білім алуға қор жинау үшін ең тиімді тәсіл болып табылады. Ол туралы толығырақ ақпаратты depozit.fincenter.kz сайтынан немесе 8 (800) 080-28-28 (байланыс тегін) жедел желі арқылы алуға болады.
Асқар ИБРАИМОВ,
“Қаржы орталығы” АҚ-ның президенті.