«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ

Елімізде соңғы жылдары енгізіліп жатқан білім беру жинақтау жүйесінің қаржылық ұтымдылығынан басқа, моральдық жағынан үлкен бір артықшылығы бар. Ол әрбір азаматқа өзін қамқор да, сүюші ата-ана ретінде көрсетуіне, ал балаға үлкендердің қамқорлығын сезініп, ертеңгі күнге нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Егер балаларымызға қазір көбірек көңіл бөліп, олардың біз үшін маңыздылығын көрсете білсек, олардың да өздеріне және жалпы өмірге деген сенімділігі арта түсері анық.

Білім беру жинақтау салымдарының жүйесі кеңестік кеңістіктен кейінгі елдер арасында тек Қазақстанда ғана енгізілген. Ол АҚШ, Англия, Канада, Сингапур сияқты мемлекеттерде қолданылып келеді. Білім беру жинақтау салымын ашу үшін бар-жоғы екі құжат – ата-ананың жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігі қажет.

Бүгінде тегін білім алу, грантқа оқуға түсу оңай емес. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын қазақстандық түлектердің саны шамамен 150 мың адамға жетеді, олардың 30-35 мыңы ғана грантпен оқиды. Демек, мектеп түлектерінің 75 пайызға жуығы ақылы негізде білім алады. Осыны ескерген әр ата-ана баласының болашағын бүгіннен ойлап, білім беру жинақтау жүйесін пайдаланғаны абзал.

Бастапқы жарнаның сомасы әрбір орташа статистикалық отбасына қолжетімді және бар-жоғы үш айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл – шамамен 6 000 теңге. Жарналар кезеңділігіне ешқандай тәуелділік жоқ, яғни әрбір салымшы депозитін қашан және қанша сомаға толықтыратынын өзі шешеді. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің тағы бір артықшылығы – жарна енгізушілерге де шектеу жоқ. Демек, кез келген туысыңыз немесе досыңыз депозит ашылған банктің бөлімшелерінің бірінен шотты толықтырып, балаңыздың болашағына өз үлесін қоса алады.

Бүгінгі таңда мұндай депозитті еліміздегі Темірбанк, БТА банкі, Халық банкі және Цеснабанкте ашуға болады. Алдағы уақытта бұл банктердің қатары көбейе түспек. Әр банктің депозит бойынша 8 пайыздан 10 пайызға дейін өз сыйақы мөлшерлемесі белгіленген. Сонымен қатар, жыл сайын салымда жинақталған сомаға банктің сыйақысын есепке ала отырып, салымшының әлеуметтік жағдайына байланысты 5 немесе 7 пайыз мөлшерде мемлекеттен сыйлықақы есептеледі. 7 пайыз мөлшеріндегі көтеріңкі сыйлықақы жетім және мүгедек балаларға, сондай-ақ, аз қамтылғандар мен көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға төленеді. Мұндай депозиттегі жинақтар біртіндеп көбейе береді. Мемлекет сыйлықақысы өткен кезеңде жинақталған жалпы сомаға есептеледі. Осылайша, жинақтау мерзімінің соңында салымшы өзінің оқудың ақысын төлеуге жұмсайтын шығынын кемінде 30-40 пайызға қысқартады.

Кейін бала колледждің немесе жоғары оқу орнының ақылы бөліміне оқуға түскен жағдайда, банкке оқу орнымен жасалған шарттың көшірмесін ұсыну қажет. Шарттың көшірмесін алғаннан кейін банк салымшының жинақтаған қаражатын оқудың төлемі ретінде оқу орнының есепшотына тікелей аударып тұрады.

Бала грантқа оқуға түскен жағдайда салымшы жинақтаған қаражатын банктің сыйақысы және мемлекеттің сыйлықақысымен бірге қолма-қол ақша түрінде алуына, оны басқа баланың шотына аударуына, білімнің басқа деңгейлерін, мысалы, магистратурада оқу үшін қаражат жинақтауды жалғастыруына болады.

Білім беру жинақтау депозиттерінің тағы бір жақсы жағы – осы қаражаттың есебінен шетелдегі оқудың ақысын төлеуге мүмкіндік бар.

Егер жинақталған қаражат жеткіліксіз, бірақ депозитте оқудың ақысын толық төлеуге қажетті соманың 50 пайызы бар болса, салымшы мемлекеттің 100 пайыз кепіл болуымен төмен мөлшерлемелер бойынша кепілзатсыз кредит ала алады. Бірақ бұл шарт Қазақстан Республикасының аумағында ғана білім алуға қолданылады.

Жолымызда кездесетін дағдарыстар мен күйзелістерге мойынсұнбай, адам алға ұмтылуы керек. Біздің болашағымыз – балалар. Ендеше, болашағымызға инвестицияны бүгін жасауымыз қажет.

Риад ШАРИМАН,

“Қаржы орталығы” АҚ-ның

вице-президенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp