«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОС ЖЕР КӘСІПКЕРЛЕРГЕ БҰЙЫРДЫ

Мамлют ауданының тұрғыны Александр Беккель 2017 жылдан бастап жылқы шаруашылығымен айналысып келеді. Уақыт өте келе жеке кәсіпкер Қамбар ата төлінің санын көбейтуге бел буады. Алай­да жылқы көбейген сайын жайылымдық және шабындық жерге қажеттілік туындаған.

Аталған мәселені шешу үшін Александр Беккель “Жер аманаты” бағдарламасы бойынша конкурсқа өтінім берген. Оны комиссия мүше­ле­рі қарап, жеке кәсіпкерге 86 гек­тар жер беруді ұйғарған. Кәсіпкер бөлінген жер учаскесін тиімді пай­даланбақшы. Себебі ол келешекте ірі қара мен қой өсіруді жоспарлап отыр.

“Мал шаруашылғымен айналы­самын деушілерге шабындық пен жайылымдық жер ауадай қажет. Жер қатынастары бөлімі бос жат­қан жерлерді анықтап, оларды кон­курстық өтінімге береді. Бұл жағы­нан ешқандай кедергі жоқ. Сондық­тан барлық шаруаларға осы кон­курс­қа қатысыңыздар дегім келеді. Өзім жылқы шаруашылығына 2017 жылы ден қойдым. Қазір 30 бас жылқым бар. Етті бағытта да жұмыс істейміз, жылқы санын көбейтумен де айналысамыз”, – деді Александр Беккель.

Биыл Мамлют ауданы бойын­ша 1500 гектар жерді мемлекет мен­шігіне қайтару жоспарланған еді. Аудандық жер қатынастары бөлімі осы жылы 1707 гектар жерді қай­тарған. Жоспар 113 пайызға орын­далған. Барлық жер учаскелері “Жер аманаты” бағдар­ламасы бойынша байқауға қойылды.

“Бүгінгі таңда 10 лот ойнаты­лып, жер пайдаланушыларға 1507 гектар жер берілді. Оған 35 кон­курстық өтінім қалдырылған. Жер комиссиясы конкурстық өтінімге тапсырылған бизнес-жоспарларды есепке алды. Барлық учаскелер мал шаруашылығымен айналыса­тын агроқұрылымдарға берілді”, – деді Мамлют аудандық жер қатынас­тары бөлімінің басшысы Раушан Сайпенова.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp