Есіл ауданы ішкі істер бөлімінің тәртіп сақшылары заңсыз аң аулаған екі адамды ұстады.
Учаскелік полиция инспекторлары Әсет Тоқтабаев пен Сергей Емельянов Александровка елді мекенінің маңында бейсауат жүрген көлікті байқап қалған. Машинада екі адам болған. Салонды тексеру кезінде көліктің артқы орындығынан аңшы мылтығы, жүк салғыштан маралдың еті табылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақыртылып, ауыл тұрғыны мен петропавлдықтың заңсыз аңшылық құрғанын мойындауларына тура келген. Күдіктілерден оқ-дәрі тәркіленді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта облыс аумағында аң-құс аулауға тыйым салынғанына қарамастан, заңды белден басушылар саны азаяр емес. Мұның алдында ғана Тайынша ауданында облыс орталығының тұрғыны құрықталған еді. Шамасы, ол жол талғамайтын көлігіне сенген болу керек, кең далада еркін көсілгісі келген. Екі дала қазын атып алған. Алайда, арам пиғылына тосқауыл қойылды. Оған 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұған қоса табиғатқа келтірілген 50 мың теңге көлеміндегі залалдың орнын да толтырады.
“Ойнақтаған от басар” деген осы! Есіл ауданы Үлкен Тораңғұл көліне ау құрған адам табиғатты қорғау полициясының өкілдерін көргенде сасып, абдырап қалған. Қалтасын қанша сипаласа да, балық аулауға рұқсат беретін құжатты көрсете алмаған. Көлді жалға алушының келісімін де керек қылмаған. Одан бірнеше килограмм шортан, мөңке секілді бағалы балықтар алынды. Ойланбай барған әрекеттің соңы осылай оңбай опық жегізді, 55 мың теңге айыппұл төлеуіне тура келеді.
Асқат ҚОЖАБАЕВ,
облыстық полиция департаменті табиғатты қорғау тобының аға инспекторы.