Таяуда тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаментте облыстық ветеринарлық, денсаулық сақтау басқармаларының, аумақтық инспекцияның, “Республикалық ветеринарлық зертхана”, “Республикалық эпизоотияға қарсы отряд” РМК филиалдарының басшылары мен мамандарының қатысуымен “Адамдардың және малдың бруцеллезбен ауруының алдын алуға арналған ведомствоаралық іс-қимыл” тақырыбында кеңес өтті. Онда ауыл шаруашылығы малын сауықтыру бойынша ветеринарлық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері белсенді жұмыс жүргізіп жатқандығы атап айтылды. Соңғы 3 жылда малдың бруцеллезбен ауруы 3,3 есе азайды, алайда бұл ауруды түбегейлі жою күрделі мәселе күйінде қалып отыр. Жыл сайын адамдардың осы ауруды жұқтырғандығы тіркелуде.
2014 жылы облыс бойынша бруцеллезбен ауырған 682 бас ірі қара мен 34 бас қой анықталды. Ауруға шалдыққан малдар жойылып, олар тұрған орындар залалсыздандырылды және адамдардың науқастануының алдын алу жөнінде шаралар қолданылды.
Бруцеллез – қауіпті дерт. Аурудың Бруцелла бацилласы табиғи ортаға өте төзімді келеді, топырақта, қида, жемде, суда 4 айға дейін өмір сүріп, өзінің ауру қоздырғыштық қасиетін толық сақтай алады, тек қана жоғары температураға төзімсіз, 90-100 градусқа қайнатқанда сол бойда өледі. Ауру малды күткенде, жемдегенде, олардың қораларын тазалағанда шаң-тозаң арқылы тыныс жолдарымен, тері арқылы, әсіресе, қолдағы уақ жарықтармен еріннің, көздің кілегей қабықтарына түскен бациллалар ауруды шапшаң қоздырады.
Бруцелла бацилласы сыртқы қоршаған ортаны ластайды, сондықтан малдың жүнін қырыққан уақытта немесе оны жинап, басқа әртүрлі өңдеу жұмыстарын жүргізген уақытта адамдар ауру жұқтырады.
Жыл ішінде, әсіресе, наурыз, сәуір айларында мал төлдейтін уақытта ауру мал іш тастайды және әлсіз ауру мал өздігінен төлдей алмай, адамның көмегін қажет етеді. Адамға ауру осындай жағдайларда жұғуы мүмкін.
Бруцелла бацилласы организмге түскен соң 6-10 күн ішінде қан ағзасы арқылы лимфа түйіндеріне кіріп, 10-15 күнде көбейеді, 20-30 күннен кейін қанға тарап, нерв жүйесін, буындарды, бұлшық еттерді, эндокриндік жыныс бездерін зақымдайды.
Бір айдан кейін дене қызуы көтеріліп, кешке қарай безгек пайда болады. Бұл кезде науқаста қалтырау, көп терлеу, қажып-шаршау, әлсіздену, сүйек-буын және бұлшық еттердің ауыратындығы байқалады.
Ауруды дер кезінде емдесе, одан жазылып кетуге болады. Оның алғашқы белгілері байқалған соң уақыт өткізбей дәрігерге қаралып, ем-дом алған жөн, кешігіп қалған жағдайда ағзаның көптеген органдары зақымданып, емдеуді қиындатып, аяғы мүгедектікке соқтыруы мүмкін.
Бруцеллез адамнан адамға жұқпай, тек малдан жұғатын болғандықтан, жеке бас гигиенасын сақтаумен қатар, мал шаруашылығына арналған санитарлық-ветеринарлық профилактикалық кешенді шараларды қатаң сақтап, ветеринарлық қызметтің белгілеген алдын алу шараларын уақытында орындалуына көмектесіп отыру міндет саналады.
Қожалығында малы бар тұлғалар оның есебін дұрыс беріп, ветеринарлық қызметтің белгілеген кестесіне сай малға екпе салып отыруы қажет. Ауру мал анықталған жағдайда оларды сау малдан оқшаулап, арнайы сою қосынына жөнелту, сол сияқты, ауру мал тұрған қора-қопсыны тазарту шараларын орындау, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу кезінде ветеринар мамандарға жағдай жасау керек.
Мал, ет, сүт өнімдерінің саудасы мал дәрігерінің анықтамасы бойынша жүргізілуі тиіс.
Тек ауыл шаруашылығы малын сауықтыру жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу, мал иелерінің, ветеринарлық ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың ветеринарлық ереже талаптарын толық орындауы арқылы ғана малды сауықтыруға және адамдардың бруцеллезбен науқастануын жоюға болады.
Александр МЕЛЬНИЧЕНКО,
облыстық тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департамент бөлімінің басшысы.