«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЮДЖЕТ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ

Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті сегізінші сессиясы өтіп, онда депутаттардың талқылауына өңірдің 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджеті, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының үшінші бағытының орындалу барысы және өзге де бірқатар мәселелер ұсынылды.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов 2017 жылға арналған облыстық бюджетке түсімдердің болжамды көлемі 14 462 684 мың теңге, оның 99,5 пайызы салықтық түсімдер, 0,4 пайызы салықтық емес түсімдер, 0,1 пайызын негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер құрайтынын өз баяндамасында атап көрсетті.

2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджеттің кірістері Қазақстан Республикасы Салық кодексінің ережелерін және басқа да нормативтік-құқықтық актілері, сондай-ақ, басқармалар мен ведомстволардың ұсыныстары ескеріліп, есептелген. Кірістерді есептеуде еңбекақының ең төмен мөлшерінің ұлғаюы, 2016-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің болжамы негізінде айлық есеп көрсеткішінің 6 пайызға өсуі ескерілген.

Облыстық экономика басқармасының басшысы Арсен Қазыбеков “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының индустрияландыру жəне экономикалық өсім бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында оларды нарықтық айналымға енгізу тапсырмасына сай аудандық әкімдіктер жалпы құны 98,5 млн. теңге болатын 29 жер телімін жекеменшіктің иелігіне берген. Оның 3101 гектарын – жеке тұлғалар, 3133 гектарын заңды тұлғалар иеленген.

Ұлт жоспарының 55-тен 59-ға дейінгі қадамдарын жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар қолға алынған. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бері өңірімізге тартылған инвестиция көлемі 810 млрд. теңгеден асты. Ал өткен жылы инвестиция тарту көлемі жағынан өңірлердің арасында бірінші орын алғанымызды тілге тиек еткен Арсен Айтбайұлы бүгінгі таңда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Соның бірі – өңіріміздің 2020 жылға дейінгі инвестициялық стратегиясының әзірленуі. Бұл стратегияның да игілігін көрер күн алыс емес.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұсынысымен мәслихат депутаттары өңірімізде тұратын азаматтарға амбулаторлық емделу кезінде рецепт бойынша тегін қосымша дәрілік заттар өкпе гипертензиясы, муковисцидоз, ювенилдік идиопатиялық артрит аурулары бойынша да берілсін деген шешім шығарды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp