«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗГЕ ДЕ КӨМЕК БЕРІЛСЕ

Қазақ әйелдері қашанда қиындыққа төзіп, тағдыр ауыртпалығын қайыспай көтере білетін қайсар мінезге ие екені баршаға аян. Бірақ кейде көпшіліктің сөзінен ұялып, намысқа тырысып, көп жақсылықтардан құр қалып жатамыз. Осы күнге дейін мен де жетім қалған үш жиенімді өсіріп келемін, бірақ ешкімге қол жайып, көмек сұраған емеспін.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін бәрін басынан бастап баяндайын. Менің де мына өмірде көрген ауыртпалығым аз емес. Ана үшін перзентінен айырылып қалудан асқан қасірет жоқ шығар. Осыдан төрт жыл бұрын тұңғыш қызымнан айырылып қалдым. Ол үшінші баласын өмірге әкелгенде жаман ауру жабысып, содан айыға алмай дүниеден озды. Екі ұлы мен бір қызы жетімдіктің қамытын киіп қала берді. Тұңғышым өмірден өтерінде балаларын маған аманаттап кеткен еді. Сондықтан жиендерімді бүгінгі күні нағашы атасы екеуіміз денсаулығымызға қарамай ешкімнен кем қылмай өсіру үшін аянбай тер төгіп жүрміз. Карантиннің алдында күзетші болып жұмыс істеп жүрген жұбайым қысқартуға ілікті. Өзім бес бала өсірген көпбалалы анамын, күміс алқа иегерімін. Бір қызым мен ұлымнан айырылғаннан кейін жүрегім сыр беріп, кардиологиялық орталықта ота жасалды. Бүгінгі күні жүрек сырқаты бойынша емханада есепте тұрмын.
Жиендерім үшін Шал ақын ауданынан Бескөл ауылына қоныс аудардым. Ауыл тұрғындары үшін қала іргесіндегі елді мекеннен баспана сатып алу оңай емес екенін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан бар мал-мүлкімізді, жиған-тергенімізді үй сатып алуға жұмсадық. Мына індет елдің ішін дүрбелеңге салғаннан бері қаншама отбасының тұрмысы тұралап қалды. Бүгінгі күні біздің де жағдайымыз мәз емес. “Nur Otan” партиясының мұқтаждарға қаржылай да, азық-түлікпен де көмектесіп жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі естимін. Бірақ сол тізімге үш бірдей жетім бала бағып отырған біздің неге енбей қалғанымызды түсіне алар емеспін. Әрине, мен ешкімге міндет жүктегім келмейді. Осы күнге дейін басшылардың алдына барып, қол жайған емеспін. Бірақ осындай қысылтаяң кезде бізді де назардан тыс қалдырмаса екен дейміз.

 

Бәтима КӘРІМОВА.
Бескөл ауылының тұрғыны.
Қызылжар ауданы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp