«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗДІҢ ЗОЯ ӘЖЕЙ

Биыл ел Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Осы ширек ғасыр ішінде еліміз үлкен белестерді бағындырды. Бұл жетістіктердің артында талай адамның өмірі мен ерен еңбегі жатыр. Кезінде тағдырдың жазуымен қазақ жеріне табан тіреген талай жанның “Қазақстан – елім! Өрісім кеңейген мекенім!” – деген сөзін жиі естиміз. Солай ойлайтындардың бірі – Зоя Юхновец.

Тоқсаннан асқан Зоя әжей тамырын кең жайған мәуелі бәйтерек сияқты. Ол – үш ұлы мен бір қызынан 13 немере мен 22 шөбере сүйген ардақты жан. Балалары шетелдерде тұрады. Олар аналарын қолдарына алайын десе, көндіре алмай отыр. “Өмірдің ащы-тұщысын бірге көрген елімді, сүйікті қаламды, маңдай терім төгілген топырақты, бауырымдай жақын болып кеткен тамыр-таныстарымды тастап, ешқайда кетпеймін”, – дейді ол. Балалары да оның бұл шешімін сыйлап, қолдан келген көмектерін жасауда.

Зоя Ивановна Петропавл қаласына ата-анасымен бірге 1934 жылы көшіп келіпті. Балалық шағы заманның ауыр бір кезеңімен тұспа-тұс келгендіктен, еңбекке ерте араласқан. Ол – Герцен атындағы мектептің түлегі. Оқуын үздік оқыған шәкіртке ұстаздары да зор сеніммен қарапты. Бірде мектеп директоры 4-ші сыныпта оқып жүрген Зояны өзінен екі-ақ жас кіші оқушылардың тәртібі мен үлгеріміне жауапты етіп қояды. Сол жолы өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап, директордың қолынан Шекспир шығармаларының 2 томдығын сыйға алғанын әлі күнге дейін ұмытқан жоқ.

“Молотов атындағы зауытта еңбек етіп, қырнаушы-үлгіші жұмысын атқардым. Біздің бригада жоспарды үш есеге асыра орындайтын еді. Зауыт қызметкерлері бірігіп, өзімізге берілген сақталу мерзімі ұзақ тамақтарды майданға жіберетінбіз”, – деп еске алады ол соғыс жылдарын.

Зоя Юхновец – өртке қарсы қызмет саласында 20 жыл еңбек еткен маман. 1965 жылы қатардағы нұсқаушы болып жұмысқа қабылданған ол №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметінен зейнет демалысына шықты. Оның бақылауында 42 нысан, қарамағында 30 адам еңбек етіп, жұмысты білікті ұйымдастыруының арқасында ортасына сыйлы болды. Сондай қажырлы еңбегі үшін оған “Үздік өртсөндіруші” атағы берілген.

Валерия СУЛТАНОВА,

М. Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp