«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗ ҮШІН ХАЛЫҚ СЕНІМІ МАҢЫЗДЫ

Әлемді экономикалық тұрақсыздық дендеген кезде Қазақстан көздеген мақсаттарға жету жолындағы жұмыстары мен ел дамуындағы ұзақмерзімді басымдықтарын тиімді жүзеге асыруда. Мұның барлығы еліміздегі тұрақтылық, бейбітшілік, бірлік және халықтың сенімінің арқасында орындалуда. “Нұр Отан” партиясы елдің дамуы мен қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуда мақсаттылық танытып, Президентіміздің “Нұрлы Жол” бағдарламасын және өзінің “Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары” сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруда белсенділік танытуда. Бұл – қиындықты еңсеретін емес, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруіне жағдай жасауға бағытталған нақты жоспар.

Тұғырнамада айтылғанның барлығы бүгінгі таңда толық көлемде орындалуда. Білім беру, денсаулық сақтау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау, ауыл шаруашылығы саласында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік.  

Партиялық жобаларды жүзеге асырудың ең тиімді тетігі ретінде тұғырнамадағы әр бағыт бойынша филиал жанынан құрылған сараптамалық топтардың жұмысын атап өтуге болады. Бүгінгі таңда сараптамалық топтар 9 партиялық жоба аясында ардагерлердің, қарттардың, мүгедектердің, жастардың, бала мен ананың, кәсіпкерлердің түйінді мәселелерін шешуде.

Осы орайда партия ең әлжуаз топтар – мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарды ерекше қамқорлыққа алды. Аталмыш санаттағы адамдардың мәселесін шешу үшін “Кедергісіз келешек” және “Ардагерлерді ардақтайық!” жобалары жүзеге асырылуда.

Партияның облыстық филиалы жанында өңіріміздегі нысандарды бейімдеу барысын қадағалайтын қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Аталмыш кеңес мониторинг жүргізу үшін Петропавл қаласындағы және аудандардағы нысандардың қолжетімдігі жөнінде рейдтер жүргізуде. Сонымен қатар, облыстық филиал жанынан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нысандарға мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттың әр депутаты өздеріне бекітілген мүгедекке көмек көрсетіп отырады. Аптаның әр сәрсенбі күндері “Кедергісіз келешек” жобасы аясында облыстық және жергілікті жерлердегі партия филиалдары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық қабылдау өткізеді. Осы күнге дейін он рет өткізілген қоғамдық қабылдауға 21 өтініш келіп түскен. Оның дені баспана беру мен жөндеуге қатысты.

Біздің назарымыздан Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен зейнеткерлер тыс қалған емес. Партияның “Ардагерлерді ардақтайық!” жобасы аясында 259 ардагердің өмір сүру жағдайына қанықтық. Ардагерлердің бәрінің бірдей жайлы өмір сүруге және шаруашылық жүргізуге жағдайы жоқ екендігіне көз жеткіздік. Осы орайда 285 мәселе бақылауға алынып, бүгінгі таңда олардың барлығы шешімін тапты. Ардагерлер медициналық қызметпен қамтылып, жаңа баспана алып, тұрғын үй жағдайын жақсартты. Партия еріктілері үйлеріне барып, жәрдем көрсетіп, олар отынмен, дәрімен, тұрмыстық қондырғылармен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілді.

“Бақытты балалық шақ” жобасы аясында өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салтын насихаттауда ауқымды жұмыс атқарылды. Соның бірі – “Мен – чемпион!” балалар спорттық ойыны. 2000 жылы басталған бұл жарыс біраз жыл үзілістен кейін қайта қолға алынды. Өткен жылы “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерік Сұлтановқа қоғамдық қабылдау кезінде аталмыш спорттық ойынды қайта жаңғырту жайлы ұсыныс жасалған еді. Аталмыш ұсынысты бірден назарға алған өңір басшысының арқасында “Мен – чемпион!” спорттық ойыны қайтадан қолға алынды.

Сондай-ақ, жыл бойы “Жемқорлықсыз ел”, “Біздің ауыл”, “Жастар кадрлық резерві”, “Сәтті қадам”, “Жастар – Отанға!” сынды көптеген жобалар жүзеге асырылды. Бұл жобалардың әрқайсысы елдің дамуына өзіндік үлесін қосып, партия мүшелерінің белсенділігін арттырғаны сөзсіз.

Облыстық партиялық ұйым жұмысының маңызды бөлігі – қоғамдық қабылдау. Партияның өңірлік және аумақтық филиалдарына кез келген адам келіп, толғандырған мәселесін айта алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұр Отан” үшін билік партиясы ретінде азаматтардың сенімі, әлеуметтік мәселелерді шешу жұмысы, жұртшылықпен байланыс аса маңызды екендігін атап өтті.

Жыл басынан бері партия филиалының қоғамдық қабылдауына азаматтардан 2087 өтініш түсті. Өңір тұрғындары үшін сумен, жарықпен қамту, абаттандыру, көгалдандыру, тарифтер бағасының көтерілуі және қызмет көрсету, коммуналдық қызметтің жұмыс сапасы жөніндегі мәселелер әлі де маңызды. Соңғы кезде тұрғындар несиелендіру, ипотека бойынша туындаған мәселелерді шешуге қолғабыс етуді, қарызды, шағын және орта кәсіпкерлікті қайта қаржыландыру, мемлекеттік қолдау алу бойынша мәселелерді жиі көтеретін болды. Қоғамдық қабылдау бойынша атқарылған жұмыс нәтижесіне көз салсақ, әр төртінші мәселе оң шешімін тапса, айтылған өтініштердің 70 пайызы орындалды.

Бұл осы күнге дейін атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Елдің дамуына үлесін қосып жүрген басқарушы партияның атқарып келе жатқан жұмысы бұдан да ауқымды. Осы орайда айтарым: қазіргі таңда біз үшін ең маңыздысы – тәуелсіздігіміз бен оны сақтау. Қазақстандық қоғамның сенімі мен жұдырықтай жұмылған бірлігі көздеген мақсатымызға жеткізіп, талай биіктерді бағындыртады.

Артур МОЛДАҒҰЛОВ,

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы

 төрағасының бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp