«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІЛІК ЕМТИХАНЫНЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

Жедел әрі әділетті сот төрелігін жүзеге асыру – қоғамның және шетелдік инвесторлардың сотқа деген сенімін арттырудың басты құралы. Сол себепті Мемлекет басшысы судьялардың тәуелсіздігі мен сот жүйесін жетілдіру мәселелеріне тұрақты түрде көңіл бөліп келеді. Қазақстанда судья лауазымына біліктілік емтиханын өткізудің тәртібі жаңғыртылды.

Жоғарғы сот кеңесінің 2018 жылғы 24 тамызда өткен отырысында судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырудың жолы өзгерді, ол үміткердің психологиялық, содан кейін ғана кәсіби қасиеттерін зерделеуден басталуы қажет.

Біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі психологиялық тестілеу, эссе жазу, Қазақстан Республикасы заңнамасын білу және оны қолдану қабілетін компьютерлік тестілеу, сонымен қатар кейстік тапсырмалар түрінде сот тәжірибесінен алынған нақты жағдайлар келтірілген емтихан билеттері бойынша үміткердің білімін тексеру сияқты кезеңдерден тұрады.

Судьялыққа үміткерлерді психологиялық тестілеуден өткізу екі кезеңнен тұрады және облыстық соттарда ұйымдастырылады. Психологиялық тестілеудің мақсаты – үміткердің судья қызметінде жұмыс істеуге қажет жеке психологиялық ерекшеліктерін, сонымен қатар осындай қызмет етуге бөгет болатын факторларды анықтау. Психологиялық тестіден жақсы нәтиже көрсеткен тұлғалар Жоғарғы сот кеңесіне эссе жазу үшін шақыртылады.

Эссе ұсынылған нұсқалардан кездейсоқ таңдау жолымен алынған тақырыпқа жазылады. Оны жазуға берілген уақыт екі сағаттан аспайды. Көлемі 500 сөзден көп болмауы тиіс. Эссені академиялық қауымның сарапшылары жеті шарт бойынша бағалайды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы “Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы” акционерлік қоғамы өткізетін компьютерлік тестілеу аясында үміткерлердің білімін тексеру он бір құқықтық салаға дейін кеңейтілген.

Құқықтық сала санының көбеюіне байланысты тест сұрақтары өңделді және толықтырылды. Атап айтқанда, оның мазмұны үміткердің құқық саласының әрқайсысының негізгі талаптарын (мысалы, айыппұлдардың мерзімдері, көлемі) білуін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сұрақтар жалпы теориялық қана емес, заңнама нормаларынан да алынады. Компьютерлік тестілеуден өтуге 90 минут уақыт беріледі.

Үшінші кезең, яғни сот тәжірибесінен нақты жағдайлар (кейстік тапсырмалар) келтірілген емтихан билеттері бойынша үміткердің оны қолдана білуін тексеру Жоғарғы сот кеңесінде өтеді. Кейстік тапсырмаларды орындау үшін үміткерге екі сағат беріледі. Емтихан билеттері құқық салалары бойынша үш кейстік тапсырмадан тұрады. Кейстік тапсырмаларды орындаған соң үміткер біліктілік комиссиясының мүшелерімен ауызша әңгімелесуге шақыртылады. Сонымен қатар комиссияның мүшелері ауызша әңгімелесудің аясында үміткер жазған эссенің мазмұны бойынша сұрақтар қоюы мүмкін. Үміткердің кейстік тапсырмаларды орындау бойынша білімін тексеру кезінде аудио (бейне) жазба жүргізіледі.

Біліктілік емтиханының қорытынды нәтижесі үміткерге комиссияның отырысында жарияланады. Судья лауазымына біліктілік емтиханын өткізудің жаңа ережелерін іске асыру үміткердің теориялық білімінің жалпы деңгейін анықтауға, оны тәжірибеде қолдану қабілетін кешенді тексеруге, емтиханның объективті болуына және ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Оян МҮТӘЛӘПОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp