Спорттың қайбір түріндегідей, футболда да команда басшылығы, жаттықтырушылар ауысып, өзгелерге орнын беруі таңданатын жаңалық емес. Алайда, бір маусымда екі бірдей бапкердің жылы орнын суытуы назар аудартпай қоймайды.
Мұндай жағдай өзіміздің “Қызылжар-СК” футбол клубында орын алды. Бірінші лигада ойнаған жергілікті командамыздың тізгінін маусымның басында Эдуард Глазунов деген бапкер қолына алған еді. Алайда, ол өзінің берген уәдесін ісімен салмақтауға дәрменсіз болып шықты.
Маусым қыза келе топ басы футболшыларымызға төбесін көрсетпегендіктен, клуб басшылығы бапкерді ауыстырып, оның орнына Владимир Линчевский келді.
Жеме-жемге келгенде оның да жігері мұқалып, “Қызылжар-СК” чемпионатты тоғызыншы орынмен тамамдады. Бұл уақытта клуб президенті болып Григорий Лория тағайындалды. Атқарылған жұмысты салмақтай келгенде, жаңа бас бапкердің ойыншыларды шеберлікке баули алмағаны алға тартылды.
Жақында клубқа жаңа бас жаттықтырушы тағайындалып, тізгінді қолға алды. Ол – елімізге белгілі ойыншы, ысылған футбол маманы Владимир Александрович Фомичев.
В. Фомичев 1972-1975 жылдардың аралығында институтта оқи жүріп, Алматының “Қайратының” құрамында қорғаныс шебінде ойнады. Ол 1976-1978 жылдары Өскеменнің “Востогында” ойнады. Содан соң “Екібастұз” командасының намысын қорғады.
Ал жаттықтырушылық қызметке 1991 жылдан бастап ден қойып, еліміздің бірнеше клубтарында футболшыларды шеберлік мектебінен өткізді. Қазақстанның жастар және Олимпиада құрамаларын да жаттықтырды. 2000 жылы еліміздің ұлттық командасының бас бапкері міндетін атқарды.
Осыдан кейін Өзбекстанға қызметке шақырылып, осы елдің “Машьял” және “Насаф” клубтарының ойыншыларын баптады.
Оның басқаруымен еліміздің жастар құрамасы 1998 жылы Азия чемпионатында төртінші орын алып, Нигериядағы әлем біріншілігіне жолдамаға ие болды.
Келесі жылы Сидней – 2000 Олимпиада ойындарының өз аумағындағы іріктеу жарысында оның шәкірттері топ жарып, бірінші орынды иеленді.
2013 жылы Өскеменнің “Восток” клубына жетекшілік етті.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.