Биыл еліміздегі байырғы жоғары оқу орындарының бірі – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 80-жылдық мерейтойын атап өтпек. Білімнің қарашаңырағы мұғалімдер институты ретінде құрылып, кейін педагогика институтына айналса, 1996 жылы классикалық университет болып қайта құрылды. 80 жыл ішінде еліміздің солтүстік аймағының жетекші білім беру, ғылыми және мәдени орталығы ретінде қалыптасты.
1937 жылдың 19 наурызында Қазақ КСР халық комиссариаты Кеңесінің Қаулысы бойынша мұғалімдер институты құрылған болатын. Осы жылдың күзінде институттың ресми түрде ашылу рәсімі өтіп, алғашқы 211 студент үшін жаратылыстану-география және тарих факультеттерінде сабақ басталды.
Петропавлда мұғалімдер институтының ашылуы аймақтағы білім беру жүйесін әрі қарай жетілдіру қажеттілігінен туындады. Сол кезде облыс бойынша 1318 мектеп болған, онда 156 656 оқушы оқыған. Сонымен қатар облыста ересектер арасында сауатсыздықты жоюға арналған білім беру мекемелері жұмыс істеп, онда 35 мыңнан астам адам оқыды. Білім беру жүйесінің дамуы білікті мұғалім кадрларының тапшылығын тудырып, оларды Петропавл, Көкшетау, Щучинск педагогика училищелері негізінде даярлайтын.
Алғашында институттың өз корпусы да болмаған. Сабақтар К.Сүтішев пен Петренев көшелерінің қиылысында орналасқан қалалық мектеп ғимаратында түстен кейін жүргізілетін. Алғашқы кезде бес кафедра болған. 1938 жылы сырттай бөлім ашылып, екі жылдан кейін алғашқы түлектерін даярлап шығарды: 27 тарих, 17 география және 8 биология мұғаліміне мектепте оқыту құқығы бар екендігін дәлелдейтін дипломдар табыс етілді.
Ұлы Отан соғысы білім ордасының жағдайын күрт өзгертті. Бірақ соғыс кезіндегі қиыншылықтарға қарамастан Петропавл мұғалімдер институты білім алушылар санын сақтап қалды: 1941-1942 оқу жылы – 168 студент, 1944-1945 оқу жылы 198 студент қабылданды. Майданға 13 оқытушы мен 28 студент аттанды. Отан қорғаушылар қатарында Петропавл мұғалімдер институтының директоры С.М.Линьков және институттың оқытушылары: У.Землятдинов, А.Ковалев, М.Базилевский, С.Н.Чулков, И.В.Ивановский, Н.Ф.Вахонин; студенттері: Н.Артемьев, А.Родин, Д.Боргуль, Г.Вакулин, П.Смирнов және т.б. болған. Олар майданда ерлік көрсетті. Отан үшін шайқастарда институт директоры С.М.Линьков ауыр жарақат алды. Үкімет Петропавл мұғалімдер институтының Ұлы Отан соғысына қосқан үлесін, оқытушылар мен студенттердің жетістіктерін жоғары бағалады. 1945 жылы институтқа К.Д.Ушинскийдің аты берілді.
Соғыстан кейін білім алушылардың саны әлдеқайда көбейе бастады. Мұғалімдер институты инфрақұрылымында 14 студенттер тобы болған. 1948 жылы физика және математика мұғалімдерінің жетіспеушілігіне байланысты физика-математика факультеті ашылды. Барлық факультеттерде қазақ тілі оқытылды. Қосымша сағаттар арқылы ауызша және жазбаша сөйлеу дағдылары қалыптасқан болатын.
Институтты бітірген соң жас мамандар жолдама бойынша Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Қарағанды, Семей, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарына жұмыс істеуге аттанды.
1955 жылдан бастап университет К.Д.Ушинский атындағы география, орыс тілі мен әдебиеті, физика-математика факультеттері бар Петропавл педагогикалық институты ретінде қызмет ете бастады. Осы жылдары институтқа кадрлар дярлауда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті көп көмек көрсетті және олармен ынтымақтастық пен шефтік көмек туралы тікелей келісімшарт жасалған болатын.
Петропавл педагогика институтының ең алғашқы ректоры А.М.Санников болды. 1959 жылы оның орнын Петропавл мұғалімдер институтында 1953 жылдан бері қызмет еткен, педагогика ғылымдарының кандидаты В.А.Цатурян басты. Оның педагогикалық шеберлігі, терең біліммен ұштасқан жоғары деңгейдегі талаптарын оқытушылар, қызметкерлер мен студенттер жоғары бағалады.
Петропавл педагогика институтының дамуына экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қанаш Шәкенұлы Шәкенов көп үлес қосты. Ол басшылық еткен жылдары (1969-1987ж.) оқу орнының материалдық-техникалық базасы жақсарып, жаңа оқу корпустары, студенттерге арналған жатақханалар, оқытушылар мен қызметкерлерге арналған екі үй, агробиостанция салынып, жаңа мамандықтар ашылды.
Білікті кадрлар санының өсуі ғылыми байланыстарды нығайтуға септігін тигізді. Дәрістер оқуға Қазақстан мен Ресейдің орталық жоғары оқу орындарынан ғалымдар шақырылды. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы едәуір жақсарды. 80-інші жылдардың өзінде институтта алты факультет және дайындық бөлімі жұмыс істеді, мамандарды даярлау он мамандық бойынша жүзеге асырылды. Студенттер контингентінің өсуі оқу корпустары мен студенттерге арналған жатақханалар санының өсуіне байланысты болды. Біртіндеп студенттер қалашығы қалыптаса бастады. Педагогика институты 1958 жылдан бастап екі оқу корпусында орналасты, артынан спорт залы, 1200 орынға арналған екі үлкен дәрісханасы бар жаңа №1 оқу корпусы салынды.
1996 жылы оқу орнының басшысы болып техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпарат академиясының академигі Ғ.М.Мұтанов тағайындалды және ол университетте 2002 жылға дейін басшылық қызмет атқарды. Бұл оқытудың көпдеңгейлі жүйесін енгізудің алғашқы жылдары болды.
1998 жылы университетке Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев келіп, ұжыммен кездесуде: “Мен Солтүстік Қазақстан университеті Қазақстанның үздік он жоғары оқу орындары қатарына кіреді деп ойлаймын. Мұнда дәрісханалар, лабораториялар, жатақханалар өте жақсы, ғылыми жұмыстар жүргізіледі, көпұлтты ұжымы бар, профессорлық-оқытушылар құрамы дайындалған. Осындай университеттің Қазақстанның солтүстік аймағына арнап кадрлар даярлайтынына мен ризамын”, – деген еді.
2011 жылы Солтүстік Қазақстан университетіне мемлекеттік мәртебе берілді. Университет республикада алғашқылардың бірі болып мемлекеттік аккредиттеуден өтті. Университеттің миссиясы Қазақстанның солтүстік өңірінде республика дамуының стратегиялық мәселелерін шешуге қабілетті, кәсіби білікті және әлеуметтік табысты тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Ұжым жұмысы университетті әлемдік білім беру кеңістігіне енгізуге қабілетті бірыңғай инновациялық, ақпараттық-сараптамалық, әлеуметтік бағдарланған ортаны дамытуға бағытталған. Өз стратегиясын іске асыра отырып, университет инновациялық типті заманауи зерттеу университеті болуға ұмтылады.
Оқу үрдісі мен басқару автоматтандырылған. Білім алушылар мен қызметкерлер тегін интернетке қосылған. Оқу және ғылыми зертханалар мен орталықтар үздік әлемдік өндірушілердің қажетті жабдықтарымен жарақталған. Университет Болондық үрдістің толыққанды мүшесі ретінде әлемдік білім және ғылыми кеңістікке белсенді кірігуде, басқарудың демократиялық қағидаларын, студенттердің академиялық еркіндігі мен ғылыми зерттеулердің еркіндігін дамытады.
2016 жыл университет қызметінде бетбұрысты кезең болды. 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, оның негізінде 2016-2019 жылдарға арналған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің даму стратегиясы әзірленіп, іске асырылуда. Ол университет дамуының жаңа басым бағыттарын анықтады: кадрларды сапалы даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды бекіту, басқару жүйесін жетілдіру.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауды үш деңгейлік жүйе бойынша (бакалавриат – магистратура – PhD докторантура) бакалавриаттың 47, магистратураның 23 және PhD докторантураның 4 білім беру бағдарламасы бойынша халықаралық талаптарға сәйкес даярлауда. Академиялық ұтқырлық орталығы, бірқатар департаменттер, ғылыми-техникалық кеңес, студенттік өзін-өзі басқару органдары құрылды. “Рейт-ОР” тәуелсіз рейтинг агенттігінің нәтижелері бойынша, әлемнің 430 үздік университетінің қатарына кіріп, Ресейдің, ТМД мен Балтық елдерінің 100 үздік жоғары оқу орны арасында 86-орын иеленді. 2013 жылы “QS World” халықаралық рейтингілеу компаниясы Қазақстанның жоғары оқу орындарына пилоттық зерттеу жүргізді. Рейтинг нәтижелері бойынша университет “Инженерия және технология” даярлау бағыты бойынша Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының бестігіне енді.
Университет өз мерейтойын жақсы жетістіктермен қарсы алмақ. 2016-2017 оқу жылы 1840 білім алушымен толықты, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 580-ге артық. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да 4525 адам оқиды. 2016 жылы 7 бірдей “Алтын белгі” иегері оқуға түсті. 7 мамандық бойынша үш тілділікті іске асыру басталды. 2016 жылы университеттің үш оқытушысы “ЖОО-ның үздік оқытушысы” республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Ал бұған дейін мұндай атаққа тағы 10 оқытушы лайық деп танылған болатын. Қазақстанның көп салалы жоғары оқу орындарының үздік ондығына ену біздің стратегиялық мақсатымыз болып табылады. Біз бұл көрсеткішке 2019 жылы қол жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Серік ӨМІРБАЕВ,
М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор.