Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ардагер педагогтермен кездесті. Шара барысында білім жүйесінде атқарылып жатқан жұмыс жайлы айтылып, оның сапасын арттыру мәселелері сөз болды.
“Мемлекет басшысы: “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында білім жүйесін жаңғырту туралы міндеттер қойды. Онда барлық салалар бойынша даму бағыттары айқындалды, біз үшін білім сапасын арттыру ең басты міндет болып табылады”, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов осы мәселелер төңірегінде ардагерлердің ой-пікірлерін тыңдады.
Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңы қабылданғанын, бүгінгі күні білім және ғылым саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының екінші кезеңі бойынша І тоқсанда атқарылатын жұмыс нақтылануда екенін айтып өтті.
Бүгінгі күні облыс бойынша балғындардың 97 пайызы мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеумен қамтылған, бұл көрсеткіш Петропавл қаласында – 87,6 пайыз. Облыс бойынша өткен жылы 1148 жаңа орын ашылса, соның 970-і Петропавл қаласында пайдалануға берілген. 2016 жылы 1263 орын ашылып, соның 975-інің игілігін петропавлдық бүлдіршіндер көретін болады.
Орта білім беру мазмұнын жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бастауыш білім берудің жаңа стандарты бойынша біздің облыста Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта және Петропавл қаласындағы №16 орталау мектептерінің 1-сынып оқушылары апробациядан өтуде. 2014-2015 оқу жылынан бері Петропавл қаласындағы №5 орта мектеп пен Қызылжар ауданындағы Бескөл мектеп-гимназиясы сындарлы бағалау жүйесін енгізу бойынша жұмыс істесе, биылдан бастап оған жаңа стандартты апробациядан өткізіп жатқан екі мектеп те қосылған.
Білім және ғылым саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдинов облыс мектептерін аттестаттаудан өткізу барысында байқалған бірқатар мәселелерге тоқталды. “Білім саласында бір рет туындаған мәселе ескерусіз қалса, ол одан әрі тереңдей береді. Мұны мектептерде өткізетін бақылау шаралары барысында анық байқап жүрміз. Біздің мамандар мектептің жұмысын бақылап қана қоймай, оған талдау жүргізіп отырады. Сол арқылы білім саласындағы нақты мәселелерді анықтап, ол туралы тиісті мамандарға хабарлаймыз”, – деді ол.
Ардагер педагогтердің атынан сөз алған Раиса Полищук білім саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен қатар “әттеген-ай” дегізетін тұстардың да бар екенін жасырмады. “Бүгінгі жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайда бұрынғы таптаурын болған басқарушылық әдіс өз нәтижесін бермейді, білім сапалы, қолжетімді және тиімді болған жағдайда ғана көздеген мақсатқа қол жеткіземіз”, – деді.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов тиісті мекеме басшыларына білім сапасын арттыруға бағытталған бірлескен нақты шаралар әзірлеу жөнінде тапсырма берді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.