Егемендік алған 25 жылдың ішінде шынайы қол жеткізген табыстарымыз ауыз толтырып айтарлықтай. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларда да жаңалықтар жетерлік. Жүріп өткен ширек ғасырда бүгінгі уақыт талабына сай жаңа заманауи техникамен жабдықталған, тиімді технологиямен қаруланған көптеген кәсіпорындар бой көтерді. Халық игілігіне айналған тұрмыстық-әлеуметтік жүздеген нысандар салынды. Облысымыздың экономикасын ілгерілетуге елеулі үлес қосып жүрген сол кәсіпорындардың бірі әрі бірегейі – “Блок” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Біз әңгіме етіп отырған кәсіпорын нарықта ризолин атты өнімімен танымал. Кәсіпорынды тәуелсіздігімізбен тетелес деуге де негіз бар. Осыдан жиырма тоғыз жыл бұрын негізі қаланған серіктестік өз жұмысын бетон блоктарын шығарудан бастаған. Кейін елімізде жоғары сұранысқа ие электр оқшаулағыш материалдарын шығару өндірісін қолға алып, ісі ілгері басқан. Бұл бағытта атқарылған еселі еңбектің арқасында “Блок” еліміз бойынша аталмыш бұйымдарды шығаратын екі зауыттың бірі атанды. Ширек ғасыр тарихы бар кәсіпорын қазақстандық нарықты қамтумен қатар, экспорттың да жолын қалыптастырып алған. Яғни, жергілікті компания Қазақстан, Ресей мен Украинаның іргелі кәсіпорындарын электр оқшаулағыш материалдармен қамтамасыз етіп отыр.
– Біздің өнімнің негізі – слюда минералы. Бұл – электр оқшаулағыш материал. Минерал әртүрлі қысымдарға төзімді, жақсы ыдырайды да одан жұқа пластиналар алуға мүмкіндік береді. Қажетті шикізатты Ресей мен Үндістаннан жеткіземіз. Өнімдерімізге сұраныс бар. Тұтынушылар қатарынан электрқозғалтқыштар және электровоз жөндеу зауыттарын ерекше атап айтуға болады, – дейді кәсіпорын басшысы Анатолий Сысоев.
Нарықта сұранысқа ие өнімнің дайындалуымен танысу барысында бар ауыртпалық нәзік жандардың мойнына түсетінін аңғардық. Арнайы станокта желімдеушілер қағазға лак жағып, оны арнайы кептіру құрылғылары орналасқан пешке жөнелтеді. Артынша дайын пластиналарға бір бригада слюда жапсыруға кіріседі. Ол жұмыс шапшаңдық пен қолдың ептілігін талап етеді. Ерлерге қарағанда әйелдер икемді. Сондықтан нәзік жандар зауыттың негізгі қозғаушы күшіне айналған. Келесі цехта өнімнің сапасы тексеріледі, яғни дайын пластинада жұқа слюда жабыстырылмай қалған жердің бар-жоғы анықталады. Ол жұмыс та бұрымдылардың мойнында. Материалдар бірнеше қабат болғандықтан, оны бір-бірінен ажырату, олардың әрқайсысын арнайы пішін бойынша қию қажет. Бір ауысымда жұмысшылардың әрқайсысы шамамен бір жарым шаршы метрлік 50 дана дайын өнім шығарады екен.
Бірлігі жарасқан ұжымда жауапкершілігі мол, іскерлігімен бағаланатын еңбеккерлер аз емес. Солардың бірі – сапа бақылаушысы Лариса Романенко. Нәзік жанның компанияда еңбек етіп келе жатқанына 15 жыл болған. Ұжымға тонның ішкі бауындай сіңісіп кеткен өз ісінің білгірі тоң болып қатқан слюданы арнайы станоктың көмегімен жұқартып береді. Артынша олар білікті мамандардың қолынан өтіп, дайын материалға айналады.
Серіктестік цехтарында электр оқшаулағыш материалдың 10-нан астам түрі әзірленеді. Олардың тең жартысын лакоткань құраса, қалғаны – миканит. Кәсіпорын нарықтағы ахуалға қарамастан, өндіріс қуатын төмендетпеген. Қолда бар ішкі мүмкіндіктерді толықтай пайдалана білген серіктестікте құрылыс материалының бағасы 17 пайызға төмендегенімен, сатылым 75 пайызға артқан. Нәтижесінде өткен жылы зауыттың тауар айналымы 630 млн. теңгеге жеткізілді. Бұл дегеніміз компанияның жоғары сапалы өнімдерінің нарықта сұранысқа ие болып отырғанын көрсетсе керек.
Басшылық мемлекеттік бағдарламалардың арқасында алған жеңілдетілген несиелерді барынша тиімді игеруде. Былтырғы жылы кәсіпорын “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 60 миллион теңгенің арзан несиесін алған. Бұл қаржыға өндіріске қажетті шикізаттар сатып алынып, кейбір құрал-жабдықтар жаңартылған.
Жеткен жетістіктеріне тоқмейілсімеген кәсіпорын басшысы өрісін кеңейтудің жолдарын іздейді. “Қалауын тапса, қар жанады” дегендей, 2007 жылы серіктестіктің технологтары ТМД елдерінде жоқ бірегей жоба – жабысқыш, су өткізбейтін, созылғыш, ылғалға төзімді ризолин деп аталатын құрылыс материалының технологиясын ойлап шығарған. Сөйтіп, табыстың жаңа көзін тауып, инновациялық жобасын жүзеге асыруды қолға алды.
Тұрмыста және өндіріске қажетті материалдың құрамы негізгі үш компоненттен тұрады. Соның екеуі – мұнайдан алынатын битум мен индустриалды май. Бұл екі шикізатты “Блок” серіктестігі жолы жақын болған соң Ресейдің Омбы қаласынан жеткізеді. Серіктестіктің бұл өнімі – құрылыста немесе жөндеу жұмыстарында таптырмайтын материал. Ризолинді рулонмен тасымалдау да, төсеу де жеңіл, экологиялық таза өнім. Осындай қасиеттеріне көз жеткізген тұтынушылардың қатары көбейіп, тапсырыс ұлғайған соң әкімшілік былтыр тағы бір цехты іске қосты. Жаңа өндірісте қосымша 12 жұмыс орны ашылған.
Серіктестіктің білікті мамандарының бірі Павел Сахаров жаңа цехтың жұмысымен таныстырып өтті.
– Біздің компания шығаратын өнімнің сапасын тұтынушыларымыз жоғары бағалады. Материалдарды әзірлеу және өндіріске енгізу патенттеріміз бар. Сондықтан әр-түрлі құрылымдар заңға сәйкес мемлекеттік тапсырыс бермей-ақ, ризолинді тура келісім бойынша өзімізден сатып ала алады. Біздің әріптестеріміз Қорғаныс министрлігі, “Қазақмыс корпорациясы”, “BI Group” сияқты компаниялар және жүздеген басқа құрылымдар, – дейді Павел Сахаров.
Іске қосылған жаңа цехтың арқасында өнімділік екі жарым есеге артқан. Егер бұрын 300 мың шаршы метр ризолин шығарылса, енді жылына бір миллион шаршы метр өнім өндіру мүмкіндігі бар. Ризолин 20 жылға дейін жарамды. Суыққа төзімді бұйымды тұтынушылар қоймалар мен қора-қопсылардың төбесін жабуға немесе қабырғасын қаптауға кеңінен пайдалануда.
Өндірістік жоғары көрсеткіштер өздігінен келмейді. Ол үшін жаңа технологияларды игеріп қана қоймай алдағы жылдарға арналған нақты жоспарлар құра білу қажет. Ісін дөңгелетіп отырған кәсіпорын басшылығында ондай нақты жоспар бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өрісін кеңейткен кәсіпорын алдағы уақытта өнімдерін Тәжікстан, Иран және Пәкістан нарығына шығаруды қолға алмақ.
Кәсіпорын бұрынғысын айтпағанда, тек қана 2016 жылы 561,5 млн. теңгенің өнімін шығарса, үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпанында 150 мың шаршы метр немесе 111,4 млн. теңгенің өнімін жүзеге асырған. Соның нәтижесінде еңбеккерлердің жалақысы 27 пайызға көтерілген. Қазіргі таңда кәсіпорындағы орташа еңбекақы – 93 мың теңге. Бұл жұмысшылардың еңбегінің бағаланғаны деуге болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.