“Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекет саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды “Жастар жылы” деп жариялауды ұсынамын”, – деген болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында. Елбасы жастарға үлкен сенім артып отырғанда, біз де тынбай еңбектеніп, жаңа биіктерден көрінуіміз керек.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауларында жастарды толғандыратын мәселелерді қозғап келеді. Алайда, осы жылы бізге айрықша басымдық беріп, үлкен сенім артып, жауапкершілік жүктеп отыр. Облысымызда 104 мыңнан астам жас бар, ол жалпы тұрғындардың 20 пайызын құрайды.
Келесі жыл біз үшін нәтижелі болуы тиіс. Сондықтан өңір жастарымен тәжірибелерімен бөлісіп, дұрыс жол сілтеуі үшін өзге өңірлерден жаңа спикерлер мен шеберлерді шақырмақпыз. Жақында облыс орталығында өткен Қазақстан мен Ресей ХV өңіраралық форумына орай екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастық артатынына сенімдіміз. Бұл жұмыстарға жастар да белсенді түрде қатысатын болады.
Облыстық жастар ресурстық орталығында өңір өрендерімен төрт нұсқаушы жұмыс істейді. Мұндағы басты мақсат – әр жасты бүгінде ұсынылып отырған мүмкіндіктер және тиімді бағдарламалардан уақтылы хабардар ету. Үстіміздегі жылы орталық мамандары жоспарға сәйкес жүзден астам іс-шара өткізді. Аталмыш шаралардың негізгі бағыттары өскелең ұрпақ арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларға психологиялық кеңес беру, патриоттық тәрбиелеу және жұмыспен қамту болып табылады.
Сондай-ақ, орталықтың белсенділері мен мамандарын республикалық, халықаралық форумдар мен лагерьлерге қатыстырып, тәжірибе алмасу жұмыстары да бір жолға қойылған. Биылғы жылдың тамыз айында маған “ZEREN – 2018” республикалық жастар білім беру лагеріне қатысу мүмкіндігі бұйырды. Аталмыш шара жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар бастамалары орталықтарының өкілдерін, кәсіпкерлер мен “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының жеңімпаздарын – барлығы бір жүзге жуық адамды қамтыды. Шараның бағдарламасы мотивация, ашық сана мектептері мен креативті сынып, тағы басқа қызықты форматтардан тұрды.
Осы сияқты белсенді жастар бас қосып, ой, тәжірибе алмасатын іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Алдымыздағы “Жастар жылында” Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, көпшіліктің, ата-анамыздың сенімін ақтап, тек биіктерге ұмтылуымыз керек. Жастар жаңашылдыққа, еңбекке жақын болып, алдарына үлкен мақсат-міндеттер қоя білгенде ғана, еліміздің болашағы жарқын болатынын түсінуіміз керек.
Келесі жылы түрлі салалар бойынша жастарға қолдау көрсетіліп, өскелең ұрпақты толғандырып отырған өзекті мәселелер шешімін табады деген сенімдеміз.
Екатерина СТАРОСТИНА,
облыстық мәслихаттың депутаты.