Бала күнімізде аталарымыздың: “Біз де бала болғанбыз”, – деп айтқан сөздерін жиі естіп жүрсек те, мән бермеуші едік. Енді өзіміз де солай деуге лайықпыз. Иә, біз де бала болдық. Ғұмырымыздың осы белесі артта қалса да, кейбір оның сәттері жадымыздан мәңгілік орын алды. Соның бірі – жасымда спортпен шұғылданып, бұл жолда осы мамандықты көңілім қалағандықтан арнайы жоғары оқу орнын бітіргенім.
Осы мамандықтың арнасымен мен спорттан әлі де қол үзгім келмейді. Жасым келіп қалса да, бір кездері өзім шұғылданған күресті көрген сайын бозбала күндерім көз алдыма келеді. Сондықтан қаламызда өтіп жататын жарыстарға барып, ізбасарлардың күресін, әдіс-тәсілдерін байқап жүремін. Жаңағы айтқан: “Біз де бала болғанбыз”, – деген сөзді бұл күнде өзім айтқым келеді.
Осындайда бір кездері күресті жаны ұнатып, спорт залының есігін қатар ашқан, ол да бала болған досым Бейбіт Қапаров екеуміздің қарым-қатынасымыз ойыма оралады. Шындықтан аспайын, біз бір-бірімізді көре сала қимас, тілеулес дос болып кете қойған жоқпыз. Оның мәнісі мынада.
Қазір қанша ойлансам да, есіме түсе қоймайды: Петропавлда қала оқушыларының арасында еркін күрестен жарыс өтіп жатты. Мен қарсыластарымның бәрінен дерлік басым түсіп, ақтық жекпе-жекке жеттім. Бұған дейін мен оқушылар арасында қала чемпионы атағын жеңіп алған едім. Ал финалдағы қарсыласым да осал еместігін жарысты жүргізушілер хабарлағанда ғана естідім: ол облыс жеңімпазы екен. Аты-жөні – Бейбіт Қапаров. Михаил Калинин атындағы облыстық қазақ мектеп-интернатында оқитын көрінеді.
… Сонымен күресіп кеттік. Тіпті, қалай болғанын білмеймін, белдесудің бір сәтінде ол менің қолайлы әдісіме түсіп қалды да, жауырынын жерге тигіздім.
“Қала чемпионы облыс чемпионын жеңіп кетті!” – дегендер болды. Солар отқа май құйып жіберді ме екен, арамызға бір салқындық кіргені есімде.
Бірақ Бейбіттің мінезі кең жайлаудай екенін кейін танып, арамызда ешбір дүрдараздық қалмай, дос болып кеттік.
Бұл 1968 жылы болған оқиға. Ол жеңілгеніне мойымады, мен жеңгеніме масайрамадым.
Бейбіт – ауыл баласы. Жұмыспен шыныққан, шымыр, дене қуаты басым. Жасынан күреске бейім болып, Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылында тұстастарының алды, оқуы айтарлықтай болған соң, қаладағы жалғыз қазақ мектебіне он екі жасында келген екен.
Сол 1964 жылдан ол облысымыздағы ғана емес, республикамыздағы дарынды тәлімгер, еркін күрестен өңір құрамасының бас бапкері, КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Абрамовтың көзіне түсіп, уақыт озбай топ жара бастаған.
Осыдан кейін Бейбіт жасөспірімдердің ішінен де оза шауып, алты жыл бойы боз кілемде жасындай жарқырады. Осының бір айғағы – оның 1969 жылы республика чемпионы атағын жеңіп алуы.
Ол еркін күреспен де, қазақ күресімен де айналысып, 1984 жылға дейін жарыстардан сырт қалмай келді. Облысымызда үнемі топ жарып жүрсе, республикалық жарыстарда да жүлдеден құр қалған емес. Осы қазақ интернатының түлегі, кинорежиссер, Халықаралық байқаудың лауреаты, сыныптас досы Аяған Шәжімбаев та Бейбітпен күрес үйірмесінде бірге жаттыққан еді. Алайда, Аяған өмір жолын күреске емес, кинематографияға арнап кетті ғой.
Ал Бейбіт Әбжанұлы күрестен қол үзбеді, кейін жоғары дәрежелі төреші атанды.
Оның үлгісі інілеріне де дарыған еді. Өкінішке қарай, КСРО спорт шеберінен үміткер атағын иеленген сол екі інісі – Берік пен Амангелді өмірден ерте озып кетті.
Бейбіт Қапаров өзінің күреске деген сүйіспеншілігінен айныған емес. Қазір өзінің ауылында тұрады. Аудандық спорт мектебінің атынан осы Бірлік ауылында жас балуандарды баптайды. Жас балуандар демекші, оның үйретуімен шеберлік шыңдап, өңірімізге, көрші облыстарға танылған шәкірттері баршылық. Атап айтқанда, ағалы-інілі Марат пен Самат Қойшиндер, Евгений Голубь, Еркебұлан Жамықов ұстаздың ұлағатын айғақтағандар.
Ұстаз тұлғасын асқақтатуды парыз санаған шәкірттері оның алпыс үш жасқа толуына арнап Бірлік ауылында күрестен ауданаралық жарыс өткізуді ұйғарып отыр. Бұл КСРО спорт шебері, ауылдан шыққан балуан Бейбіт Қапаровтың зейнет жасына толуына тарту болмақ.
Қанат ОМАРОВ.
Петропавл қаласы.