«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бірреттік төлем кімдерге тиесілі?

Үкімет еліміз бойынша енгізілген шектеу шараларына байланысты кірісінен айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем тағайындау жөнінде шешім қабылдағаны белгілі. Порталдардың шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу мақсатында тұрғындардан бұл төлем түріне өтініштерді қабылдау кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.

42500 теңге көлеміндегі мемлекет көмегіне келесі санаттағы азаматтар үміткер бола алады:

1) екінші деңгейдегі банктердің қызметкерлерін, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды, мемлекеттік заңды тұлғаларды қоспағанда, жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы кезіндегі қызметкерлер;

2) жеке кәсіпкерлер;

3) жеке практикамен айналысатын адамдар;

4) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;

5) бірыңғай жиынтық төлем төлейтін жеке тұлғалар.

Бірыңғай жиынтық төлем төлейтін азаматтар үшін біржолғы төлемді тағайындау проактивті қызмет арқылы көрсетіледі. Бұл жағдайда әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш талап етілмейді. Әлеуетті өтініш берушіге біржолғы төлем тағайындауға келісім алу үшін ұялы байланыстың мобильді құралдары арқылы SMS хабарлама жіберіледі.

Жалақысы сақталмайтын еңбек демалысындағы қызметкерлердің өтінімдерін олардың жұмыс берушілері egov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы ұсынуға құқылы. Мұндай азаматтардың жұмыссыз қалу фактісін құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың, өңірлік кәсіпкерлер палатасының және кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктерінің өкілдері кіретін аудандық және қалалық штабтар растайды. Қызметкерлер жұмыс беруші өтініш берген соң egov.kz және 42500.enbek.kz порталдары бойынша өз мәртебесін көре алады, яғни ЖСН енгізу арқылы өтініш қандай сатыда қаралып жатқандығын тексере алады.

Біржолғы әлеуметтік төлемді алуға құқығы бар басқа санаттағы адамдар келесі жолдарды пайдалана отырып, өтінішттерін өздігінен бере алады. Яғни, олар:

– egov.kz веб-порталы;

– 42500.enbek.kz порталы;

– telegram-bot-тар;

– Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы;

– екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтініш білдіру мүмкіндігіне ие.

Біржолғы төлем қатаң карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан толық айырылмаған адамдарға, оның ішінде:

1) жұмыс берушінің, жеке кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғаның қызметі қатаң карантиндік шектеу шараларының енгізілуімен шектелмеген жағдайда;

2) жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдарды қоспағанда, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысындағы немесе әлеуметтік демалыстағы, сондай-ақ, еңбек заңнамасына сәйкес карантиннің енгізілуіне байланысты жұмысынан босатылған адамдарға;

3) биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында бірыңғай жиынтық төлем төлеу фактісі анықталмаған төлеушілерге;

4) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстарды орындаудан табыс алатын, өткен бірінші жартыжылдықта өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары түспеген жеке тұлғаларға;

5) зейнетақы жарналарын, мемлекеттік жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, қордан төленетін әлеуметтік төлемдерді алушыларға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылмаған адамдарға және “Халықты жұмыспен қамту туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыс күшінің құрамына кірмейтін, еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес карантиндік шектеу шаралары енгізілген кезеңде бірыңғай жиынтық төлем төлеген адамдарға;

6) толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі азаматтарға;

7) біржолғы төлем алушының жоғалған табысы қалпына келтірілген жағдайда тағайындалмайды.

Бұл төлем бойынша өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Кенжегүл ХАМЗИНА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp