2019 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ай сайын бірыңғай жиынтық төлемін (БЖТ) төлеуі тиіс. БЖТ-ның ай сайынғы мөлшері қала тұрғындары үшін – 1 , ауыл тұрғындары үшін – 0,5 айлық есептік көрсеткіш.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар БЖТ-ны төлеушілер болып танылады және олар мынадай шарттарға сәйкес келу қажет: жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайды; акцизделетін өнімдерді қоспағанда, салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсетеді және (немесе) салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана акцизделетін өнімді қоспағанда өз өндірісінің жеке қосалқы шаруашылығының ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізеді.
Бұл ретте БЖТ-ны төлеушілер табысының мөлшері жылына 1175 АЕК-тен аспауы тиіс. БЖТ-ны табыс алынған әр ай үшін жеке-жеке төлеу қажет. Сондай-ақ, келесі айларға аванс ретінде төлеу мүмкіндігі бар.
БЖТ-ны Қазақстанның кез келген банк кассаларында, олардың мобильді қосымшаларында, сондай-ақ, “Қазпошта” бөлімшелерінде төлеуге болады. Ол үшін өзінің жеке куәлігін көрсетіп, “Азаматтарға арналған үкімет” МК КЕАҚ банктік шотына төлем жүргізу қажет.
Бірыңғай жиынтық төлем сомасын “Азаматтарға арналған үкімет” МК КЕАҚ мынадай пропорцияда бөледі:
10 пайыз – жеке табыс салығы (ЖТС);
20 пайыз – әлеуметтік аударымдар (ӘА);
30 пайыз – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);
40 пайыз – міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар (МӘМС).
Дербес жұмыспен қамтылған жеке тұлғаларға БЖТ-ны төлеуде мынадай артықшылықтар бар: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуға; зейнетақы жинақтарын жүргізуге мүмкіндік және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы төлемін алуға құқық береді; еңбек ету қабілетінен немесе жұмысынан, сондай-ақ, асыраушысынан айырылған, жүктілік пен босану, бала асырап алған, 1 жасқа дейінгі бала күтімі жағдайларында әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндіктер береді.
Ерназар НҰРҒАЛИЕВ,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының пиар-менеджері.
Сурет https://24.kz/ сайтынан алынды.