
Үстіміздегі жылы құрылғанына ширек ғасыр толатын Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның өңірлік филиалдары елімізде бірлік пен бейбітшіліктің салтанат құруына жағдай жасап келеді. Осы орайда оның құрамындағы жастардың еңбегін де атап өтпеске болмайды.
	Облыстық ассамблеяның жастар қанатының өкілдері өздерінің этномәдени бірлестіктерінің ғана емес, жалпы ассамблеяның қоғамдық өміріне белсене араласады. Оған өткен жылы өскелең ұрпақты патриотттық тұрғыда тәрбиелеуге, тұрақтылық пен келісімді нығайтып, Қазақстан халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлерін насихаттауға бағытталған шараларды ұйымдастыруға жастардың атсалысуы дәлел бола алады.
	Өскелең ұрпақты игі істерге, жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіру мақсатында “Қазақстандағы жүз жаңа есім” жобасының жеңімпаздарымен және қатысушыларымен, жастар ұйымдарының жетекшілерімен кездесулер жиі ұйымдастырылады. “Jas Otan” жастар қанатымен бірлесіп өткізілген шаралардың барысында жастар табысты азаматтардың қызықты әңгімесін, жетістікке жету сырын тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Осылайша, еркін түрде өткен шаралар студенттердің кемел келешекке деген сенімін арттырғаны сөзсіз. Сонымен қатар осындай кездесулердің барысында облыстық ассамблея жұмысындағы өзекті мәселелер, 130-дан астам этнос пен жиырмаға жуық конфессия өкілі тату-тәтті тұрып жатқан шаңырағымыздағы бейбітшілік пен бірлікті нығайту бағытында атқарылуы тиіс жұмыстар, жастардың осы мақсаттағы жобалары да талқыланып, өскелең ұрпақтың ой-пікірі тыңдалады.
	Белсенді жастар мұқтаж адамдарға қол ұшын созып, қайырымдылық шараларына да қатысады. Былтыр “Дуслук” татар-башқұрт және “Сібір қазақтарының бауырластығы” қоғамдық бірлестіктері жастарының Петропавл қаласының шетінде тұратын зейнеткерлердің ауласын тазалап бергені – осының дәлелі.
	Облыстық ассамблея жастардың тың бастамаларын, жаңа идеяларын қолдау мақсатында “Жаңа қадам – 2019” жобалар конкурсын ұйымдастырған болатын. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген жастар қанаты мүшелерінің жиырмаға жуық жұмысын кәсіпкерлер, бизнес жаттықтырушылар мен ассамблея мүшелері бағалады. Нәтижесінде “ZHAS WAY” жобасымен бірінші орынды жеңіп алған Вадим Сарсенбаевқа принтер, екінші орын иеленген Мария Татаренкоға заманауи планшет сыйға тартылса, Рүстем Арманов үшінші орынға лайық деп танылды. Қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Қазылар алқасының көңілінен шыққан жұмыстардың авторлары жобасын жүзеге асыру үшін қолдауға ие болғанын да атап өткен жөн.
	Жергілікті жастар республикалық деңгейдегі шаралардан да тыс қалмайды. Мәселен, былтыр мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен “Көшбасшы бол!” форумын атап өтуге болады. Ерекше форматта өткен шара барысында ассамблея жастары арасындағы өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар мұнда пікірталас алаңдары мен мәдени-спорттық шаралар да ұйымдастырылды. Қазақстан және Ресей халықтары Ассамблеяларының арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны форумның маңызды тұстарының бірі болды.
	Өңір жастары “Zeren – 2019” республикалық жастар лагерінің жұмысына да қатысты. Ал “Өз еліңді таны” экспедициясы жастарға облыстың киелі орындарын аралауға мүмкіндік беруде. Оған “Жаңғыру жолы” республикалық жастар қозғалысының Нұр-Сұлтан қаласындағы және еліміздің он өңіріндегі филиалдарының өкілдері қатысты. Айыртау ауданындағы Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенінен басталған экспедиция Ботай қонысына, Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен Сырымбет қонысына, өңіріміздің мақтанышына айналған тағы басқа тарихи-мәдени орындарға барды. “Жастар жылына” орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен мұндай акция республикалық деңгейде де өткен еді. Бес күнге созылған экспедицияға біздің өңірімізден он алты адам қатысты. Олар Нұр-Сұлтан қаласының киелі орындарын аралап, тарихымен танысты. 
	 
	Сәлімхан СӘБИТОВ,
	“Жаңғыру жолы” республикалық жастар қозғалысы облыстық филиалының мүшесі.