Облыстық полиция департаментінде Алғыс айту күніне орай салтанатты жиын өтті.
Бүгінде полиция ведомствосында 18 ұлттың өкілі жұмыс істейді. Олар – кезінде туған жерлерінен күшпен қоныс аударылғандардың ұрпақтары. Алғыс айту күніне орай полиция департаменті ұйымдастырған мерекелік іс-шараға келгендердің бірі – Садық Аллахверанов. Оның ұлты – әзірбайжан. Садықтың ұлы Эльдар – полиция қызметкері. “Атам молда болған. Оның бар дүние-мүлкін тәркілеп, Қазақстанға бес баласымен жер аударды. Басында елге келгенде жеркепеде тұрды. Қазақтар олармен барымен бөлісіп, көмектесті. Балаларын қыстан ауырмай-сырқамай аман шығуы үшін өздеріне алды. Ал көктемде жер аударылғандар үй сала бастады. Менің әке-шешем осы елде танысып, отбасын құрды”, – дейді Садық Аллахверанов.

Эльдар Аллахверанов – әкесінің мақтанышы. Ол Қызылжар ауданындағы Соколовка елді мекеніндегі полиция бекетін басқарады. Полицияның бұл бөлімшесі нағыз интернационал ұжым – қазақ, әзірбайжан, шешен, неміс және орыс бірге еңбек етсе, өткен аптада олардың қатарына татар жігіті қосылды. “Алғыс айту күні – қазақстандықтардың бір-біріне мейірімділік көрсетіп, бірлігін паш ететін мереке. Біздің департаментте де бір әулеттің баласындай 18 ұлттың өкілі келісім мен ынтымақта қоян-қолтық жұмыс істейді. Бұл мерекенің, әсіресе, жастар үшін тәрбиелік маңызы зор”, – деді облыстық по-лиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.
Бұл күні полиция ведомствосының қонақтары жас қызметкерлерді тәрбиелеуге көмек көрсетіп ұлтаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлестері үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы.