Былтырғы су тасқынының зардабын ұмыта қоймаған жұртшылық әбден зәрезап болып қалған секілді, биылғы көктемді де үлкен қорқынышпен қарсы алды. Мамандардың өңірде 116 елді мекенді су басуы ықтимал деген жорамалы отқа май құйғандай әсер етіп және де бұрын-соңды болмаған, өң түгіл түске енбеген «үшінші толқын» күпті көңілдегі күдікті күшейтіп жібергендей.
Кешенді қорғаныс шаралары дәйектілікпен жүзеге асырылса да, адам баласының табиғат алдындағы дәрменсіздігі, әлсіздігі сезілмей қалмайды. Сергеев су қоймасы әлі күнге дейін ернеуінен асып ағып жатыр. Әдетте қыс мезгілінде су деңгейі төмендейтін. Биыл жағдай мүлдем басқаша. Синоптиктердің айтуынша, топырақтың ылғалдылығы 100-216 миллиметр аралығын құраған.
Бұл көпжылдық деректерге қарағанда 2-3 есеге артық. Яғни көктемде еріген қар суының жерге сіңіп кетуі екіталай деген болжам расталды.
Солтүстік Қазақстан – су тасқыны қаупінің ықтималдығы жоғары өңірлердің бірі. Негізгі су көзі Есіл өзені арқылы реттеледі. Сергеев, Петропавл су тораптары республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енгізілген және де ерекше стратегиялық маңызға ие. Бұл нысандар қазіргі таңда қалыпты жұмыс істеп тұрғанымен, күрделі жөндеуді қажет ететін гидротораптар мен тетіктер былтырғыдай тасқын қайталанса шыдас бере ме деген заңды сұрақ туады. Мәселен, 1969 жылы пайдалануға берілген Сергеев су қоймасының жалпы сыйымдылығы – 693 млн.текше метр. Былтыр су мөлшері бірнеше есеге көбейді. «Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин бетоннан құйылған нысан берік деп сендірсе де, көпірдің деформацияға ұшырағаны, оның әрлі-берлі қатынайтын жүк көліктерінің әсерінен пайда болғаны анық. Ал торап жанынан қиыршық тас өндіретін карьердің ашылуы жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберген. Жүргізілген тексерістің нәтижесінде Петропавл су торабы арқылы өтетін көпір де апаттық деп танылған.
Алдағы уақытта салдары бұдан да ауыр тасқынның қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмасы анық. Осындайда науқандық сипаттағы шаралармен ғана шектеліп жүрген жоқпыз ба деген дүдәмал ой келеді. Кезінде Қызылжар ауданына қарасты Мичурин ауылының шетінен, Петропавл қаласындағы Ущев көшесі жағынан асығыс- үсігіс, сапасыз салынған бөгеттердің әп-сәтте қарғын суға жұтылып кеткеніне бәріміз куәміз. Мемлекет басшысыбылтырғы Жолдауда Үкіметке су саясатын жүргізе отырып, 20 бөген салуды жүктеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға дейін су шаруашылығы нысандарын салу және қайта қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар 114 жоба негізінде жобалық-сметалық құжат әзірленгенін мәлімдеді. Соның бірі – Бұзылық су қоймасы.
Осы тақырыпты зерделеу барысында назар аударарлық бір деректі кезіктірдік. Онда КСРО Су шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен «Казгипроводхоз» мекемесінің 1982 жылы Есіл өзені бойына Бұзылық су қоймасын салу бойынша негізгі құжаттаманы дайындап, бірнеше нұсқа ішінен ең тиімдісі таңдап алынғаны жазылған. Жалпы сыйымдылығы 833 млн. текше метр торапты Ақмола облысына қарасты Державинск қаласы маңына салу белгіленген. Жобаға «Есіл қарымта реттегіші (Бұзылық)» деген атау берілген. Озық бағдарлама жалғасын таппай қалғанын кезінде республикалық Мелиорация және су шаруашылығы министрі лауазымын атқарған Нариман Қыпшақбайұлының естелігінен тапқандай болдық. Еңбек ардагері былай деп жазады: Бүгінде Астана халқы 1 млн.-нан асты. Су қаладан артылмайды. Ал бір жағынан, көктемгі тасқын су Ресейге текке кетіп жатыр. Астана су қоймасы Петропавл маңындағы тұрғындарды сумен қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті Есілдің тұсында бір су қоймасын салу қажет».
Күн тәртібінде өткір тұрған өзекті мәселе тіпті Үкіметтік деңгейде бірнеше рет талқыланып, Есіл арнасындағы суды тиімді пайдалану мақсатында 2024-2027 жылдары Бұзылық су қоймасы салынатыны қадап айтылған. Сол кездегі Премьер-министр жобаға қолдау көрсеткен. Құрылыстың болжамды құны – 43 млрд. теңге, іске асыру кезеңі – 2024-2027 жылдар делінген. Мына деректерді де көзіміз шалып қалды: біріншісі – «Улмад» ЖШС 2021 жылы жобаның жобалық-сметалық құжаттарын жасауды қолға алып, 2023 жылдың аяғына дейін бітіруді міндеттенгенмен, уәдесін орындай алмаған. Бір қызығы, Су ресурстары және ирригация министрлігі кәсіпорынмен соттасып, ұтылып қалған. Себебін біле алмадық. Осы жағдай жобаның ілгері жылжуына кесірін тигізген сияқты. Екіншісі – жобаның сметалық құнының 80 млрд. теңгеге дейін шарықтап кетуі. Тиісті құжаттар заң талаптарына сәйкес рәсімделгеннен кейін ғана 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаражат сұралатын көрінеді.
Қалай десек те, елдің солтүстігін су тасқынынан қорғайтын су қоймасы ауадай қажет екені еш талас тудырмайды. Бірақ ертеден айтылып келе жатқан мәселе белгіленген мерзімде аяқтала ма, жоқ па – әзірше белгісіз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».