Жасым сексеннің үшеуіне келді. 44 жылға жуық еңбек өтілім бар, соның 35 жылында жүргізуші болып жұмыс істедім. Соғыс кезінде бала болсақ та еңбекке араластық. Бірақ ол еңбегіміз есепке алынған жоқ. Табан етіміз таусылып, мал баққанымыз ауыл үлкендерінің жадында болғанымен, қағазға жазылып қалмаған ғой. Оны өзіміз де қажет етпедік, жеңіс үшін жанталасып еңбек еткен жұрт оны қайтсін?! Мүмкін қағаз, құжат жағына тиянақтылау болсақ, біздің де тыл еңбеккері атануымыз кәміл еді.
Менің айтайын дегенім ол емес. Сол от пен оқ кешкен соғыс ардагерлері ғана емес, отты жылдардың балаларының өзі саусақпен санарлықтай-ақ қалды. Өзім тұратын Шал ақын ауданындағы Афанасьевка ауылында менен басқа жасымыз шамалас үш ақсақал тұрады. Олар – еңбек ардагері Құрмаш Шәйкенов, Венгриядағы бүлікті басуға қатысқан Асылхан Темірбеков және Капустин Ярдағы атом сынағының куәсі Николай Подольский. Қазір біздің ауданымызда – Есілдің оң жағында бірде-бір майдангер қалған жоқ. Бестөбелік жалғыз соғыс ардагері Рақым Мұқаметжанов бүгінде Сергеевка қаласында тұрады. Сол сияқты, Есілдің сол жағындағы елді мекендерде де тірі жүрген майдангерлер жоқтың қасы.
Ұлы Жеңіс мерекесімен облыстағы өзім танитын-танымайтын майдангерлердің барлығын, сондай-ақ, соғыс жылдары ортақ жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлерін, өзімнің замандастарымды құттықтағанды жөн көріп отырмын. Сол ерен ерліктің арқасында осы күнге жеттік. Егеменді елімізде бақуатты, тыныш өмір сүріп жатсақ, оған жау шапқыншылығына қарсы тұрып, ерлік танытқан аға ұрпақтың да қосқан үлесі зор. Біз бүгінде сол зор жеңістің жемісін көріп отырмыз.
Шарданбай БҰРТЫБАЕВ,
еңбек ардагері.
Шал ақын ауданы.