Жеңіс күнін жақындата түсуге майдангерлермен қатар тылдағы еңбеккерлер де орасан зор үлес қосты. Әсіресе, ірі кәсіпорындар күні-түні бір тынбастан жұмыс істеді. Солардың қатарында қазіргі Киров атындағы зауыт та бар еді.
Фашистер соғыс басталған алғашқы бес айдың ішінде КСРО-дағы шойынның – 68, болат пен алюминийдің – 58, көмірдің – 65, темір жол жабдығының 40 пайызы шығарылатын аумақты жаулап алды. Сол себепті, жау қолында қалуы мүмкін басқа да маңызды өндіріс орындары елдің ішкері жағына, соның ішінде Қазақстанға көшірілді. Атап айтқанда, Мәскеу авиация жасау зауыты, Урюпинск ет-консерві зауыты, Дзержинский атындағы электротехника зауыты, Мәскеу рентген зауыты, №3 Александр радио зауыты (қазіргі Киров атындағы зауыт), С.Орджоникидзе атындағы механика зауыты, барлығы 142 кәсіпорын мен 532,5 мың адам көшірілді. Бір жарым жылдың ішінде олардың 107-сі жұмыстарын бастап кетті.
Петропавлға көшірілген кәсіпорындардың тарихына тоқталсақ. 1928 жылдың 20 қарашасында Мәскеуде радиомонтаж шеберханалары құрылды. Онда техникалық байланыс құрылғыларын жөндеу, кейін жаңа байланыс жүйесін жетілдіру қолға алынды. Шеберханалар 1930 жылы Мәскеу түбіндегі Александров қаласына көшірілді. Бұл қалада зауыт үшін жұмысшылар да, цех ғимараты да жеткілікті болатын. Кадрлармен толығып, жұмысы әжептәуір алға басқан кәсіпорын радиоаппараттарды шығара бастады (бұл өнім зауыттың Петропавлдағы мұражайында сақтаулы). Алайда, сұм соғыс зауыттың алға қойған бар жоспарын быт-шыт қылды.
1941 жылы Қорғаныс комитеті кәсіпорынды Петропавл қаласына көшіру жөнінде шешім қабылдады. Эшелонға артылған барлық құрал-жабдықтар Қазақстанның солтүстігіне жеткізілді. “Эшелонмен келген 447 жұмысшыға үй тауып, оларды орналастыру да оңай болған жоқ. Жергілікті тұрғындардың қолдауының арқасында бұл мәселе өз шешімін тапты”, – деп жазды сол кездегі зауыт басшысы Александр Никифоров.
Зауыт педагогикалық училище ғимаратына орналастырылады. Станоктар оқу кабинеттеріне, дәліздерге, спорт залға қойылады. Электрмен жабдықтау үшін дизельді генератор орнатылған екен. Зауытты тез арада іске қосу үшін жұмысшылар күн-түн демей, бірнеше ауысыммен жұмыс жүргізді. Екі айдан кейін зауыт ұрыс даласына ең алғашқы өнімін жөнелтеді. Ер-азаматтардың басым бөлігі әскер қатарында болғандықтан, зауытта негізінен әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті. Еңбек тәртібі күшейтіліп, жұмыс уақыты ұзартылады. Кадр тапшылығына байланысты жас қыздар мен бозбалалар жұмысқа тартылады. Жұмысшы мамандықтарынан хабар-ошары жоқ адамдар үшін арнайы курстар ашылып, оқытылды. Сол тұста зауыт жұмысшылары барлық қиындықтарға төзіп, жеңіс үшін еңбек еткен еді. Қалада өткізілетін қоғамдық жұмыстарға да қатысып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бір адамдай жұмылды.
Отты жылдар жылнамасына үңілсек, халық “Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!” деген ұранмен еңбек еткенін көреміз. “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы ардагерлер кеңесінің төрайымы Людмила Воропаева зауыт жұмысшылары күні-түні тыным таппай жұмыс істеп жүргеніне қарамастан, танк колоннасын жасауға 83550 сом жинап бергенін, ал жауынгерлерге сыйлыққа деп 10162 сом жібергенін мақтанышпен жеткізді.
– Соғыс жылдары ұжым өкілдері майдангерлердің отбасылары мен жетім қалған балаларға қолдау көрсетіп отырды. Оларға 1,6 мың килограмм картоп таратылып, үйлеріне зауыт есебінен радиоқұралдары орнатылып берілді. Петропавлдық зауыт майданға қару-жарақ пен оқ-дәріден бөлек, басқа да қажетті құралдарды жеткізіп отырды. Атап айтқанда, ұжым 31621 “Пилот” радиостанциясын, 1691 “Вираж” радиоқабылдағышын, 1328 “АП” антеннасын және 497 “Штопор” мобильді радиопеленгаторын жасап берді, – дейді Людмила Степановна.
Зауыт жұмысшыларының соғыс жылдарындағы қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Жергілікті мұражайда Кеңес Одағының маршалы Андрей Еременко мен Байланыс әскерінің маршалы Иван Пересыпкиннің петропавлдық зауыт еңбеккерлерінің майдангерлерге көмегі туралы жазған естеліктері мен Алғыс хаттары сақталған. Ал артиллерия дивизионының басшысы Александр Васюткин зауыт шығарған радиоқұралдардың сапасына оң бағасын берген. Еңбек бригадаларының сайыстарында Ф.С. Вайнштейн жетекшілік еткен комсомол жастар цехы, Н. Никифоров пен Р. Дәулеткелдиеваның бригадасы үздіктер қатарынан көріне білген. Сондай-ақ, 375 жұмысшы стахановшы, ал 159-ы еңбек озаты атанғанын атап өткен жөн.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.