«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛУ ҚАЖЕТ

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жаровамен Елбасының Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауынан туындайтын міндеттер төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Құралай Амангелдіқызы, биылғы Жолдаудың ерекшелігі жайлы не айтар едіңіз?

– Дағдарыс кезінде еліміз үшін тығырықтан шығар жолды қарастырған Елбасының көрегенділігіне тәнтіміз. Саяси құжатта атап өтілген барлық мәселелер еліміздің даму бағытына арналған. Экономикалық нарық саясатының тиімділігі мен дағдарысқа қарсы тұру тетіктерін қарастырған Президентіміз қазақстандықтарға зор сенім артуда. Бұл Жолдау бүкіл қазақстандықтардың көңілінен шықты деп ойлаймын. Жаһандық ахуалда өсім мен реформалар, даму тетігіміз туралы айтылған саяси құжат әрбіреуімізге ой салары анық. Нұрсұлтан Назарбаевтың қаржылық секторды тұрақтандыру мен бюджет саясатын оңтайландыру, жаңа инвестициялық, әлеуметтік саясаттың негіздері туралы айтылған ой-толғамдарын ерекше атап өтуге болады.  

– Қандай маңызды тұстарына ерекше басымдық бересіз?

– Стратегиялық құжатта айтылған барлық мәселе назар аударарлық. Жан-жақты қамтылған Жолдау әрбір қазақстандыққа жауапкершілік жүгін арқалатады. Еліміздегі қиын ахуалға қарамастан, Елбасымыз 2016 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақы мен шәкіртақы көбейетінін алға тартып, “Б” корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өсетінін тілге тиек етті. Өз кезегінде бұл қазақстандықтардың серпінді жұмыс істеуіне игі ықпалын тигізбек. Елбасының осындай қамқорлығының арқасында алаңсыз өмір сүруге негіз бар.

Дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз қажет екенін айтқан Елбасының жігерлі де жалынды сөздерінен әрбір адам қуат алады. Сонымен қатар, Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылдануымыздың арқасында экспортшыларымыз үшін енді жаңа мүмкіндіктер ашылатыны қуанышты жағдай деп атап өтер едім. Қазіргі экономикалық ахуалға байланысты мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйесін де қайта қарау туралы айтылған пікір өте орынды деп ойлаймын. Осы орайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша нақты шаралар қолға алынатыны көңілге медеу болды. Жеке инвесторларды техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы жоғары екенін Елбасымыз айтып өтті. Өйткені, ең басты мақсат – халықтың жағдайын жасау. Сондықтан қаржы халық үшін нақты нәтижелі жобаларға жұмсалуы тиіс.

Жұмыспен қамтудың жаңа “Жол картасы” жасалатыны да көңілден шықты. Кадрларды кең ауқымды қысқамерзімді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру ұйымдастырылатыны адамдардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасайды. Кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеудің де кеңеюі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймыз.

– Шағын және орта бизнес саласына қатысты айтылған тың ойларға қандай пікір білдіресіз?

– Елбасымыз өз сөзінде 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға 1 триллион теңге ақша бөлінгенін айтқан болатын. Сондай-ақ, ол елімізде өндіріліп жатқан отандық өнімдерді қолдауға шақырды. Бізге сырттан тегін тауарды ешкім әкеліп бермейді. Сондықтан біз, әрине, барынша бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Өйткені, қазір бәсеке заманы. Егер біздің кәсіпкерлер бәсекеге төтеп бере алмаса, ел экономикасы да айтарлықтай шығындарға ұшырайды. “Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз”, – деп атап өткен Елбасы “Қазақстанда жасалған” әрбір бұйым сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек екенін түсіндірді. Сондықтан кәсіпкерлер нарықта барынша бәсекеге сай болуы тиіс. Бәсекеге сай болсақ, импорттық, экспорттық әлеуетіміздің артары сөзсіз. Ісіміздің өнімді, затымыздың өтімді болуы үшін бүгіннен бастап санмен бірге сапаға да көңіл бөліп, отандық өнімдерге қолдау білдіргеніміз жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp