“С” тобындағы алғашқы матчта Колумбия құрамасы гректер қақпасына үш доп соқты. Ойынның бесінші минутында Армеро грек қорғанысындағы қателікті пайдаланып, есепті ашқан. Ал 58 минутта Тио Гутьерес есепті еселеді. Ойын аяқталар тұста грек қорғанысы тағы да сыр беріп, Родригес таблодағы есепті 3:0-ге жеткізді.
Уругвай құрамасы Коста-Рика аяқ доп шеберлерімен кездесті. Ойында допты өз иеліктеріне көп алған да, гол басымдылығы бойынша да, бұрыштама, айып добы бойынша да озық болған Коста-Рика құрамасы болды. Уругвай және Коста-Рика құрамаларының арасындағы ойында биылғы әлем чемпионатындағы алғашқы қызыл қағаз көрсетілді. Осыған дейін кездескен сегіз ойында жеңіс иісі мұрындарына да бармаған Коста-Рика 3:1 есебімен ұтып кетті.
“Д” тобындағы Англия мен Италия ойыны да әлем біріншілігінің бәсін біраз жоғарылатып тастады. Италия құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Әзірге бұл топта Коста-Рика құрамасы көш бастап тұр.
“Е” тобындағы Швейцария мен Эквадор арасындағы матчтың тағдыры ойынның соңғы минутында шешілді. 2:1 есебімен аяқталған ойынның 22 минутында эквадорлық Вальтер Айови айып добын орындады. Бұл допқа бірінші жеткен Эннер Валенсия есеп ашып, өз командасын алға шығарды. 48 минутта Швейцария сапынан Адмир Мехмеди бұрыштан келген допқа бірінші жетіп, есепті теңестіріп кетті. Ал төреші қосқан үш минутта швейцариялық Харис Сеферович жеңіс голын салды.
“Е” тобындағы екінші матчта Франция Гондурасты еш қиындықсыз ұтты. 45 минутта Гондурас қорғаушысы Паласиос Уильсон Пол Погбаны өз айып алаңында итеріп құлатқаннан кейін пенальти тепкен Карим Бензема мүлт кеткен жоқ. Есеп – 1:0. Екінші таймда есепті еселеуге талпынған француздар 48 минутта екінші добын салды. Сол қапталдан Бензема тепкен доп бағанаға тиіп, қақпаны жағалап бара жатқанда Гондурас қақпашысы абайсызда өз қақпасына өткізіп алды. Бұл биылғы біріншіліктегі екінші автогол. Біріншісін Бразилия мен Хорватия матчында Марсело салғаны есімізде. 72 минутта Бенземаның оң қапталдан шірене тепкен добы қақпадан табылды. Франция 3:0 есебімен ұтты.
“Ғ” тобындағы алғашқы кездесуде Аргентина құрамасы турнирге алғаш қатысып жатқан Босния құрамасын қабылдап 2:1 есебімен ұтты. Месси допты әулетіп Босния қақпасына асырды. Ол доп Босния құрамасының қақпашысы Колашинацтың аяғына тиіп, қақпаға енді. Сөйтіп, бірінші тайм автоголмен аяқталды. Тартысты басталған екінші таймның ұрымтал тұстарының бірінде қорғаушылардан сытылып өткен Месси қарсылас қақпасына доп салып, есепті еселеп кетті. Тек сексен бесінші минутта Босния құрамасының шабуылшысы Ведад Ибишевич Аргентина қақпасына жауапты доп салып, таблодағы нәтижені қысқартты.
“G” тобында Германия Португалияны еш қиындықсыз ұтты. Немістер португал қақпасына төрт гол салды. Кездесудегі голдардың авторлары — 32 минутта Матц Хуммелс нысананы дәл көздесе, Томас Мюллер әлем біріншілігіндегі алғашқы “хет трикті” жасап, 12, 45 және 72 минуттарда есепті еселеп, “неміс машинасын” алға шығарды.
“Ғ” тобындағы екінші ойында Иран құрамасы Нигериямен тең түсті. Бұл биылғы әлем біріншілігіндегі нөлдік есеппен аяқталған алғашқы ойын. Қауіпті сәттер жиі болғанымен, есеп ашылмады.
“Н” тобында Бельгия құрамасы алжирлықтармен болған кездесуде ойынның жетпісінші минутына дейін жеңіліп жатып, соңғы жиырма минутта жеңісті жұлып алды. 25 минутта алжирлік Софиан Фегули бельгиялықтардың қақпасынан саңылау тапты. Екінші таймда бельгиялық ойыншылар Фелини 70 минутта есепті теңестірсе, араға он минут салып Дрис Мартенс Бельгия маңызды жеңісті әкелген допты салды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.