1956 жылы Қарағанды қаласында туған. Петропавл педагогика институтының түлегі. Мамандығы – филолог. Жеті жыр жинағын шығарған.
ҚЫСҚЫ ҚАЙЫҢ
Қар да аппақ, алқап та аппақ, қайың да,
Ақтығынан таба алмайсың айырма,
Жел өтіне жонарқасын бергендей,
Жалғыз қайың өзгеше бір уайымда.
Күз келгенде желегінен ажырап,
Сұлу өңін жоғалтыпты азырақ.
Тоңдыратын теріскейдің аязы,
Суық жел де мазалайды азынап.
Ал түстікте өңін Күнге сүйгізіп,
Жасыл орман жылы леппен тұр қызып.
Саған ғана боран ойнап бұл қырда,
Ақ жейдені кеткен екен кигізіп.
Сол шуақты сен де тұрсың сағынып,
Бірақ, бірақ табиғатқа бағынып.
Сәуір келмей шешілмейді сол жейдең,
Дала жатыр ақ көрпесін жамылып.
Сүйем сені ең сүйіктім секілді,
Көктем жайлы ойлар келіп не түрлі.
Желегіңе қол тигізіп ақырын,
Қабығыңа сүйкер едім бетімді…
МАХАББАТ
Саған деген ойды қалай бөгейін,
Бар жырымды бұлақ сынды төгейін.
Кейде салқын, кейде жалын болсаң да
Бөлекше ғой бір өзіңе мерейім.
Сенен жақын адам бар ма жаныма?!
Сен ұқсайсың қарашаның қарына.
Мен қуанам сені көрсем, бұлбұлым,
Шаттанамын бұл өмірде барыңа.
Сендей кім бар мөлдіреген жанары?!
Өзіңсің ғой жүрегімнің бар әні.
Сенен асқан жолықпады бір адам
Кезіп жүріп тауды, орманды, даланы…
Орысшадан аударған
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.