«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Виктор ВИК: “КҮРЕС ДЕГЕН – ӨМІР”

Мамыр айының 22-23 күндері “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде жеткіншектер арасында грек-рим күресінен облыстық турнир өтті. Балуандардың бұл додасы жерлесіміз, бүгінде Германияда тұрып жатқан Виктор Виктің құрметіне ұйымдастырылғандықтан, Виктор Давыдовичтің өзі бұл шараға арнайы келгенін естіп, онымен кездесуді жөн көрдік.

Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан ақсақал ширақ қозғалып, есіктен күлімдей кіріп келген кезде одан шетел азаматына тән мінез-құлықтан гөрі, кеңестік дәуірдің тәрбиесінен өткен жаны жайсаң, жүрегі жылы адамның бейнесін бірден танығандай болдық. Журналистік тәжірибемнен байқағанымдай, сұхбат беруге келіскен адамның бастапқыда өзіне бейтаныс жанға жатырқай қарап, ойы мен сөзі қабыспай, сасқалақтап қалатын кездер жиі болатын. Бірақ бұл жолы олай болмады. Виктор Давыдовичтен мен өзінің құрметіне арналған турнирдің қалай өткендігін сұрап, әңгімені бастап жібергенім сол еді, іс-шарадан алған әсері әлі де бойын шарпып тұрған ақсақал сөзді бірден іліп әкетті:

– Айтарға сөзім жоқ! Өзімді сондай бақытты сезініп тұрмын. Қазақ елі бұрындары ата-бабам босқындықтың тұзағына ілігіп, 1908 жылы Столыпиннің аграрлық саясатының ықпалымен Поволжье елінен қоныс аударып келген кезде өзінің қонақжайлылығын танытқан еді. Енді, міне, тағы да маған, менің отбасыма өзінің ұлттық келбетін, бауырмалдық ниетін байқатып отыр. Осыдан бір жарым ай бұрын шәкіртім әрі досым Жамбыл Тасеменов телефон шалып, өздерінің ойларын жеткізіп, мені қонаққа шақыратындарын айтқан кездегі менің кейпімді көрсеңіз, көмейімде тас тұрып қалғандай, сөйлеуге шамам келмей, көзімнен қуаныштың жасы ыршып кетті. Ал қаншама бала күрес алаңына шығып, өздерінің өнерлерін көрсеткен кезде өткен өмірім есіме түсіп, бір жасарып қалғандай болдым. Ол заман, жастық дәурен мен үшін өмірімнің бақытты бір кезеңі болғаны сөзсіз, – деген Виктор Давыдовичтің нұрға толған жанары оның сөздерін растай түскен еді.

Сұхбатымыз әрі қарай ақсақалдың осыдан 60-70 жыл бұрын өткен балалық шағын, бозбала күндерін, жігіттік кезеңін еске алумен жалғасып, өз өмірінің спортпен байланысқан тұстарын баяндаған сәттерінде тәлімгерлері мен замандастарының аты-жөндерін мүлтіксіз есіне түсірген оның көңілі шалқи түсті.

Виктор Вик бүгінгі Қызылжар ауданына қарасты Асаново елді мекенінің жанындағы хуторда дүниеге келіпті. Этникалық ата-тегі неміс отбасы үшін Ұлы Отан соғысы екіұдай қасіретті болса керек. Фашизм тарих сахнасына шыққан кезде неміс ұлтының қарапайым өкілдері сол жылдары қалыптасқан саяси және қоғамдық көзқарастарға жігерлілікпен төтеп беруге мәжбүр болған. Педагогикалық білімі бар әкесі 1939 жылы үйленгеннен кейін бір-екі айдың ішінде әскер қатарына ілігіп, ал Ұлы Отан соғысы басталған жылы еңбек армиясына жіберіледі. 1946 жылы туған жеріне аман-есен оралған әкесі Новокаменка ауылындағы мектепте ұстаздық жолын жалғастырады. Ол – кеңестік дәуір тұсында 46 жыл неміс тілінен сабақ берген жан. Виктор Давыдович ол кезде бала болса да, психологиясына заманның, одан қалды кейбір адамдардың іріткі саясатының әсер еткендігі соншалықты – оның кейбір тұстарын егжей-тегжейлі есіне алған кезде мұңайып қалды. Ата-анасының өмір сүрген қоғамына арнаған адал еңбегінің, талай жүкті әйелдерді босандырып, олардың ризашылығына бөленген әжесінің емшілік қасиетінің арқасында уақыт озған сайын бұл отбасының да жан жарасы жазылып, тыныштықпен өмір сүруге көшіпті.

– Карл Маркс: “Өмір – күрес” дейді, ал мен: “Күрес – өмір” деймін, – деп жымиған ақсақал менің бұл сөзінің астарын түсінбей қалғанымды аңғарып, “Мен үшін күрес өмірдің мәні болғандығын айтамын”, – деді. Әлбетте, спортқа бейімделуді 16 жастан бастаған Виктор Давыдович бүгінде 75 жасқа аяқ басса да, одан қол үзбеген. Өзінің атажұртында да шағын үйірме ашып, жас жеткіншектерді күреске баулу әдетін тоқтатпаған. Ал сонау 1954 жылы ержетіп, мамандық таңдар кезде ол ата-анасының берген кеңесімен ауыл шаруашылығы саласын таңдағанын біреулер білсе, кейбіреулер білмейді. Ол жылы елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру қозғалысының басталғанын еске түсірсек, онда агроном мамандығының сұранысқа ие болғандығы айтпаса да түсінікті. Бір жағынан жас жігіттің таңдауы да дұрыс еді. Бірақ ол бұл жолдың өзінікі емес екендігін көп кешікпей аңғарады. Петропавл қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын тамамдаған соң Соколовка ауданындағы Березовка елді мекеніндегі кеңшарға жолдама алған Виктор Давыдович сол жылы бастаған қадамын нығыздай түсу үшін Қорған ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне сырттай оқуға түскендігі бүгінде оның өмірінің бір белесі ретінде ғана еске алынады.

– Мен техникумда оқып жүрген кезде спортқа беріле бастадым. Бастапқыда жеңіл атлетиканы таңдадым, одан кейін боксқа ден қойдым. Тіпті, зілтемір көтеруден қала чемпионы да атандым. Бірде балуандардың қызықты өтіп жатқан бір жаттығуының үстінен түсіп, күреске құштарлығым сол кезде оянғандай болды. Ол уақытта мен 3-ші курсты бастаған едім. Бағытымды оңай өзгерттім, – дейді сондағы шешіміне бүгінге дейін разы қарт.

Жаз болса жалаңаяқ жүгіріп, қыстың ызғарлы күндерінде де отбасының үлкені ретінде үй шаруасын өз мойнына алып, ауыр көтеріп, белін қатайтып, табиғатынан шымыр өскен ауыл баласы күрестің азын-аулақ техникасын игеріп алған соң, өзінің жойқын күш иесі екендігін көрсете бастайды. Бірінші жылдың өзінде ол Петропавл қаласының біріншілігінде, облыстық додада 56 килограмм салмақта чемпион атанып, жеңістің дәмін сезінеді. Талапты жастың болашағына сеніммен қараған жаттықтырушы Марк Яковлев, тіпті, тәжірибесі жоқ жас жігітті грек-рим күресінен жаттықтырушы етіп тағайындаудан да тайсалмайды.

– “Бойыңда алапат күш бар. Ал күрес техникасын кітаптар мен қосымша әдебиеттерден оқып ал”, – деп техникумдағы студенттерді жаттықтыру тізгінін менің қолыма ұстатты. Осыдан кейін шегінерге жол қалмады. Бүгінде ойлап қарасам, ол менің еңбекқорлығыма үлкен баға бере отырып, осындай шешім қабылдаса керек. Біразын жаттықтырдым. Олардың қайсыбірі менен үлкен, кейбіреуі қатарлас болатын. Дегенмен, соларға сөзімді өткізе білсем керек, ойнап жүріп, бірге жаттықтық. 1957 жылы сәуірде Петропавл қаласының біріншілігінде мен боз кілемнің үстіне Әкімжан Өтеновпен шықтым. Күрестен кейін ол маған спорт киімін беріп, менің өзіме деген сенімімді, тіпті, асқақтатар сөздер айтты. Ендеше күрестен өмірдің мәнін көре бастаған мен үшін агроном мамандығына орын бар ма? Жоқ! Агрономдық та үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет, менің таңдауым біреу ғана болуы керек еді, ол спорт болды, – деді.

Виктор Викті өңірімізде грек-рим күресінің негізін қалаушы деп санайды. Шәкірт баулуға жұмсаған 36 жылының 18 жылын осы өңірдің спортын дамытуға арнаған оның бұл атаққа лайық екендігіне кім күмән келтіреді?! Техникумда оқып жүрген кезде замандастары қабырға газетін шығарыпты. Сонда олар: “Вико, сенен агроном шықпауы мүмкін, бірақ балуан болуға міндеттісің”, – деген тілектерін білдіріпті. Виктор Вик жақсы спортшы ғана болған жоқ, одан аты үлкен әріптермен жазылған ұлағатты тәлімгер де шықты. Оның бойынан ерекше қасиет көре білген Марк Яковлев пен Андрей Шлигель шәкірттерімен жолдары қиысқан тұста Виктор Давыдовичке Петропавл педагогика институтының дене шынықтыру факультетіне түсуге ақыл қосады. Тәлімгерлері мен замандастарының сенімін ақтау үшін көп еңбектенген ол облыста грек-рим күресінің мектебін қалыптастырушылардың бірі болды.

Республиканың дене шынықтыру және спорт комитеті өңіріміздегі күрес түрлерінің даму үдерісіне, балуандардың додаларда жеткен жетістіктерге назар аудара отырып, облыс орталығындағы жастардың спорт мектебі жанынан классикалық күрестен бөлім ашуды ұйғарады. Ол бөлімде жұмыс істеу, жас спортшыларды тәрбиелеу ісі Виктор Давыдовичке жүктелмеуі мүмкін емес еді. Әрі түрлі оқыту орындарында күрестен үйірмелер жүргізіп жүрген жас жігіт бос уақытын қысқартып, жас жеткіншектердің бір бөлігін осы бөлімге жинап, жұмысына зор жауапкершілікпен және сүйіспеншілікпен кіріскенін бүгінде замандастары мен шәкірттері растайды. Өзі білім ала жүріп, шәкірт тәрбиелеуді қолға алған 1956 жылдан бергі уақытты былай қойғанның өзінде, оның 1964-1974 жылдары классикалық күрестен облыс командасының аға жаттықтырушысы болып тұрған жылдары өңір аумағында спорттың күрес түрі қарқынды дамып, жауқазындай бой көтерген спортшылар көбейіп, олар көптеген облыстық, республикалық, одақтық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Виктор Давыдович өзі 36 жасқа дейін боз кілем үстінде талай жүлдені жеңіп алған. Ол соңғы рет 1975 жылы Ысқақ Ыбыраевтың құрметіне өткізілген жарысқа қатысып, сайыскерлікті тоқтатады. Бастапқы доданы 56 килограмм салмақта бастаған ол 62, 70, 78, 90 килограмға дейінгі салмақта күш сынасып, бақ таластырды.

Оның тәлімгер ретінде қалдырған ізі де айшықты. Біздің өңірімізде 15 спорт шеберін даярлаған оның басқа өңірлерде де осынша шәкірті бар. 1969 жылы үлкен сенім артқан оқушысы Федор Баумбах Еуропа және әлем чемпионы атанды. Алты оқушысы КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушы дәрежесіне жетті. Оның алдынан өтіп, күрестің қыр-сырына қаныққан шәкірттерін есептеп шығу мүмкін емес. Шәкірттерін “Өзін-өзі жеңе білген адамның спортқа деген сүйіспеншілігі жоғары болса, жеңістен дәмеленуге болады” деп тәрбиелеген тәлімгердің мінез-құлқы жұмсақ, адамгершілігі жоғары болғандығы бүгіннің өзінде байқалып тұр.

Виктор Давыдович – Түркімен ССР-інде әскери борышын өтеген жылдары сол республиканың қоржынына да бірнеше марапат салған спортшы. Сонда, яғни 1962 жылы әскерилер арасындағы чемпионатта Виктор Вик күрестен спорт шеберінің нормативін орындады.

– Сонда мен Краснодар әскери округінің спортшысымен жекпе-жекке шықтым. Жеңістен кейін жүргізуші: “Вик бүгін өз ата-тегінде көрсетілгендей еркін және классикалық күреске лайық екендігін дәлелдеді”, – деді. Сөйтсем, менің ата-тегімнің өзі “вольный и классический” дегенді қысқартып (ВИК) алғандай сипат береді екен. Әскер қатарында жүргенде берілген спорт шебері атағының құжаттары біздің Қызылжарға емес, Камчатканың Петропавлына кетіп қалыпты. Кейін қайтарылмады. 1964 жылы бұл атақты тағы бір қорғап, қол жеткіздім, – дейді.

Кеңес Одағы тұсында Виктор Вик сияқты білікті, білімді, шебер тәлімгер бір орында тұрақтап еңбек етпеген. Ол спортты, әсіресе, грек-рим күресін дамыту мақсатының 18 жылын біздің өңірде жүзеге асырса, Жезқазғанда 9 жыл еңбек еткен. 1984-1999 жылдар аралығында ардагердің еңбек жолы Челябі қаласында жалғасады. Одан кейін ол өзінің атажұрты – Германияға қоныс аударады.

Бүгінде қарт 55 жыл отасқан зайыбымен, кіші қызының отбасымен бірге Германияның Дуйсбург қаласында тұрады. “Күрес – өмір” деп білетін ақсақал онда да жас жеткіншектер баулуды жалғастырып, 2004 жылдан бері қаладағы діни орталықтың демеуімен жұмыс істейді екен. Ақсақал ол елде спортқа мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмейтіндігін, тек демеуқаржы көмегімен ғана дамитындарын, соның салдарынан үйірме мүшелерінің үлкен жарыстарға қатысуға мүмкіндіктері жоқтығын, спортпен саламатты өмір салты үшін ғана айналысқандықтан, балалардың қызығушылығы да шектеліп қалатындығын үлкен өкінішпен жеткізді.

– Менің ата-жұртқа кетейін деген ойым болған жоқ еді. 1996 жылы осыған дейін Германияға көшіп кеткен әкем 80 жасқа толған тойына шақырды. Сол жолы ол менің көзі тірісінде қасында болуымды өтінді. Мен оның жалғыз ұлы болатынмын. Сондықтан әкемнің бұл тілегі маған міндет те еді. Оның аманатын орындай отырып, 87 жасқа келген әкемді ақтық жолына өзім шығарып салдым. Атажұртқа көшкенім жөн де шығар, бірақ, туған жерге деген сағынышты жеңу оңай емес екен. Онда үш қарындасым тұрады. Күйеу балалардың бірі – қазақ, бірі – орыс, бірі – осы жердің немісі. Сондықтан олармен кездескен кезде ортақ әңгіме табылады. Тек жергілікті тұрғындардың бір-бірімен суық байланысы көңіліме жақпай жүр. Ал баяғыда біз қазақ жерінде қандай тату-тәтті тұрып едік?! – дейді Виктор Вик.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: В.Вик (оң жақтан екінші) шәкірттері (солдан оңға қарай) Ж. Тасеменов, З. Төлеутаев және В. Воровинскиймен бірге.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp