Бүгін кәсіпқой бокстан әлем чемпионы, отандасымыз Геннадий Головкин АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы 8 мың адамдық бокс залында өзінің кезекті қарсыласы, мексикалық Марко Антонио Рубиомен жекпе-жекке шығады. Бұл – оның 31-інші жұдырықтасуы. Қазақстандық боксшы кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген, осыған дейінгі 30 кездесудің 27-сінде қарсыластарын нокаутпен, қалған 3-еуін ұпай басымдығымен жеңген.
Оның бүгінгі қарсыласы – айтарлықтай мықты боксшы. Рубио 1980 жылғы16 қыркүйекте туған. Г. Головкиннен екі жас үлкен.
Мексикалық боксшы 2000 жылғы мамырда кәсіпқой рингке тұңғыш рет жартылай орта салмақта шыққан. Келесі жылы отандасы Сауль Романнан нокаутпен ұтылғанына қарамастан, арада екі жыл өткенде есесін қайтарып, С. Романды 4-ші раунда ұрып жығады. Ол кәсіпқой рингте барлығы 59 жекпе-жек өткізіп, солардың 51-ін уақытынан бұрын аяқтаған.
Марко Робио өте тәжірибелі, соққылары жойқын, сонысымен біздің отандасымызға аса қауіпті қарсылас болмақ. Ол бүгінгі жекпе-жекке дейін кәсіпқой бокстың WBС нұсқасы бойынша құрлықаралық уақытша чемпион атағын иеленіп отыр. Бұл атақты түпкілікті еншілеуі үшін ол Г. Головкинді ұтуы керек.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.