АҚШ-тың Калифорния штатының Карсон қаласында “WBA” (Super) және “ІВО” нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, 32 жастағы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мексикалық Марко Антонио Рубиомен кездесті. Геннадий Головкин осы жолы да жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтап, жеңіске жетті. Қазақстандық боксшы қарсыласын екінші раундта-ақ нокаутқа жіберді.
Г. Головкин бұған дейін өзін нокаутқа жіберемін деп әлемге жар салған Рубионы алғашқы раундтың өзінде-ақ ауыр соққының астына алды. Қарсыласының бірнеше соққысын жіберіп алған мексикалық боксшы әлсіздігін байқатып қалғандай болды.
Ал екінші раундта боксшылар рингке көтеріліп, жекпе-жек енді ғана қыза бастаған кезде Геннадий оң қолымен жасаған бір хукпен қарсыласын шалқасынан түсірді. Ауыр әрі сәтті соққы шекесіне тиген Марконың содан қайтып тұра алуы қиынға соқты. Рефери санауының соңғы секундында орнынан тұрғандай болған Рубионың аяқтары икемге келмей жатқанын байқап, сөзге келместен: “Нокаут” деген белгі берді. Сонымен, қазақстандық тарлан өзінің кәсіби рингтегі 31-ші жеңісіне қол жеткізді.
– Рубиомен жекпе-жекке шығу маған ұнады, бұл кездесуден ләззат алдым. Қазір менің үш белдігім бар және мен кез келген боксшымен қолғап түйістіруге дайынмын. Өзімнің келесі жекпе-жегімді Мигель Коттомен өткізгім келеді. Ол – ұлы чемпион. Сондай-ақ, Канело және кіші Чавеспен кездесуге дайынмын. Бұл менің Лос-Анджелестегі алғашқы жекпе-жегім, маған қолдау көрсеткен барлық жанкүйерге мың алғыс! – деді кезекті жеңісінен кейін отандасымыз.
Сөйтіп, қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкин орта салмақта “WBA” (Super) және “IBO” тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды. Сондай-ақ, осы салмақта “WBC” уақытша чемпионының белдігін жеңіп алды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.