
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Аққайың ауданында болып, “Дайындық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарын аралады.
Қазір астық молшылығы жолындағы қызу еңбек тәулік бойы бір толастамайды. Бүгінге дейін барлық егіннің 75 пайызы жиналған. Диқандар ауа райы оң қабақ танытса, 3-4 күнде орақ науқанын толық аяқтап шықпақ.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ерік Сұлтанов диқандармен әңгімелесіп, олардың жағдайларына қанықты. Өңір басшысы, әсіресе, мұндағы еңбек адамдарына жасалып отырған жағдайға, еңбекақы төлеу мәселесіне ерекше назар аударды.
– Біз қысқа қажетті жемшөпті дайындадық. Биылғы жылы дәнді дақылдардың ерте пісетін сорттарын сепкендіктен, ысырап жоқ. Бүгінгі таңда 4 мың тонна астық жиналды. Науқан ойдағыдай өтуде. Орташа гектар берекелілігі – 27 центнер. Ал біз тұрған алқаптың гектар берекелілігі 30-35 центнер, – дей келе “Дайындық” ЖШС-нің директоры Біржан Шаймерденов комбайншыларға барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Оның айтуынша, диқандар бір күнде шамамен 30-40 мың теңге еңбекақы табады.
Облыс басшысы өңірде ауыл шаруашылығы мен өзге салаларды дамытуда еңбек өнімділігін арттыруға мол мүмкіндік барын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша біздің облыста еңбек өнімділігін арттыруға қатысты нақты шаралар қолға алынғандығын айтып, жоғары сапалы өнім алуда тиісінше техника мен озық агротехнологияны пайдалану қажет, деді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аққайың ауданы.