«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

“Қыс – 2020” республикалық штабтық жаттығуын өткізу аясында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Иван Турков төрағалық еткен жиынға Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдері, облыстық азаматтық қорғау қызметтерінің бастықтары және мемлекеттік органдар мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының басшылары қатысты. Дәстүрлі шараның мақсаты – қысы қытымыр өңірімізде орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу, мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесі күштерінің әзірлігін пысықтау.
Отырысты ашқан Иван Иванович қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлар кезінде туындайтын қауіптерден тұрғындарды, облыс нысандары мен аумағын қорғау жөніндегі іс-шараларды алдын ала және сапалы өткізу қажет екенін атап өтті. Бұдан соң облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов жергілікті атқарушы органдардың штабтық жаттығуға және алдағы қыс мезгіліне әзірлігі туралы баяндама жасады. Баяндамасында өткен қыстағы ахуалға жүргізілген талдауды, төтенше жағдайларды жоюға дайындалған күштер мен техникалар жайлы деректерді жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың қысқа дайындығына назар аударды.
Жиын барысында “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова комиссия мүшелерін алдағы қыста күтілетін ауа райы болжамымен таныстырды. Оның айтуынша, қыс мезгілі жылы болғанымен, кейде ауа температурасы күрт төмендеп, жауын-шашынның жиі түсуі ықтимал. Сәйкесінше, бұл қыс мезгілінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуі мүмкін.
Отырыс соңында өңір басшысының орынбасары Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдеріне, тиісті азаматтық қорғау қызметтерінің басшыларына тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері мен нысандарының және жалпы қолданыстағы автокөлік жолдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте қысқы кезеңде энергиямен, жылумен, сумен және газбен жабдықтау жүйелері мен нысандарының жұмысында іркіліске жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау қажеттігі ескертілді.


Мұрат ҚАНҒОЖИНОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің азаматтық қорғау бөлімінің бастығы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp