Көктемнің бір күні жылға азық екенін жақсы білетін диқан қауымы дала төсін еңбек дүбіріне бөлеуде. Өңір егіншілері жауапты науқанды уақытында аяқтау үшін жұмыс қарқынын күшейткен.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары атап өткендей, үстіміздегі жылы өңірімізде 2,764 мың гектар алқапқа бидай себу жоспарланса, бүгінгі таңда жергілікті агроқұрылымдар оның 340 мың гектарына дән сіңіріп үлгерді. Ал майлы дақылдар 236 мың гектар жерге себілді. Бұл межені 1 млн. гектарға жеткізу көзделген. Одан бөлек, егістіктердің 3,2 мың гектарына – көпжылдық шөп, 11,4 мың гектарына – картоп, 2 мың гектарына көкөніс егілген.
Жаздық дақылдарды себуде Ғабит Мүсірепов атындағы аудан көш басында келеді. Бұл ауданның егіншілері жоспарды 27 пайызға орындаған. Олардан ақжарлық және тимирязевтік шаруалар қалысар емес. Ал Мағжан Жұмабаев және Уәлиханов аудандары агроқұрылымдарының қарқыны баяу.
Тайыншалық диқандар да көктемгі дала жұмыстарына бел шеше кіріскен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Хамзинаның айтуынша, бүгіндері 80-нен астам серіктестік дән себуге кіріскен.
– Үстіміздегі жылы аудан бойынша 377,7 мың гектар алқапқа бидай себу жоспарланса, қазіргі таңда оның 11 пайызы орындалды. 157,7 мың гектарға майлы дақыл себуді жоспарлап отырмыз. Бүгіндері оның 33,1 мың гектары егілді. Сонымен қатар 3,9 мың гектарға – картоп, 0,7 мың гектарға көкөніс отырғызу көзделуде, қазір олардың жартысына жуығы орындалды, – деді Айгүл Ермекбайқызы.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.