«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЛА, АУЫЛ… ОЛ БІР КЕЗ САЙРАН ЕДІ

Есімі елге етене таныс жерлесіміз, бір бойында бірнеше өнер тоғысқан тума та­лант Бүркіт Бекмағанбетов – диктор ғана емес, әнші, сазгер әрі ақын. Журналистика саласында айшықты қолтаңбасы бар ерекше дарын иесінің өмірге құштарлық, туған жерге деген перзенттік сезім, балалық шақ, жастық дәурен суреттелген шығар­малары адамның көз алдына ауылда өткен сағым күндерді әкеліп, естен кетпес ерек­ше күйге бөлейді. Сан алуан тақырыптарға қалам тербеген жерлесіміздің лирикаға толы бірнеше өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.

ЕЛІМЕ БАРЫП…

Еліме барып шіркін-ай қоссам бастарын,
Жан-жақта жүрген жиналса ауылдастарым.
Ағаларым бар, құрдастарым бар тілектес,
Апалар, жеңге, іні мен қарындастарым.

Жиналса сонда доп қуған бала достарым,
Ойымда жүрген үмітім, шала жоспарым.
Әңгіме қылып, жайып бір үлкен дастарқан,
Кімдердің қалай, қай жаққа орналасқанын.

Екшелді елім қалаға ауып жастарың,
Үлкендер кетті өмірдің жазып дастанын.
Білемін, білем әр жерде жүрген туыстар,
Бәріңді бірдей жібермес қазық-жоспарың.

Ойламай болмас, өзіңнің, балаң бас қамын,
Дегенім емес тағайын жұртқа босқа мін.
Заманның асау ағыны сеңдей сүйреген,
Әйтеуір аман жүріңдер ауылдастарым.

Үлкен бір қала қазіргі бауыр басқаным,
Жиналса деймін, баяғы қауымдастарым.
Көңілде жүрген көл-көсір тойды өткізіп,
Сендерге бақыт тілесем, ауылдастарым.

ӘКЕ

Салғызған маған “өмір” деген той әнін,
(О, тағдыр қашан қызығыңа тоямын?!)
Әкемнің салған үйінде жетті бой, әлім
“Балалы болған кезде білерсің”, – деген ғой,
Әкем туралы өзіме сұрақ қоямын:

Сырын айтатын бәйтеректің де, талдың да,
Әкең болған соң құрбыларыңнан қалдың ба?!
Саған ысырған майлы ет қалып алдыңда,
Оқуға барам дегенде сатқан сиырын,
Қартайғанда әкеңе киім алдың ба?

Әкеден білдік не екенін аттың, ердің де,
Шөп шабуға соңынан бірге ердің бе?
Көзін ала, тоғайда жидек тердің бе?
Үндемейтін, мұртынан күліп, сол жанға
Қартайғанда дәрісін алып бердің бе?

Өтінде жүріп дауылың менен желдің де,
Дәстүрін айтқан қоғамың менен елдің де.
“Демалысқа” дейтұғын анаң “келдің бе?”
Қыс пенен жазда интернаттан тасыған
Әкеңе бір “жолдама” алып бердің бе?

Қуана қарап, мен жатқан ішін бесіктің,
Біз үшін, әке, мал жайлап үйге кешіктің.
Қиналған кезде жайымды берген шешіп кім?!
Демалыс деген өмірі сенде болмапты-ау!
Әттең, әттең, қадіріңді, әке, кеш ұқтым.

ЖАНАТАЙ БАТЫР ЖАТҚАН ЖЕР

Өрнек, Өрнек…
Күн кеш батып, таңы ерте атқан жер,
Қой тастары қыр тізерлеп батқан жер.
Ел ортада қасиеттеп қоршаған
Міне, мынау Жанатай батыр жатқан жер.

Көлгірсіген жалған ұран жатталып,
Тарихымыз аяқ асты тапталып.
Құндылыққа балта шапқан заманда,
Жырта салмай қалай келген сақталып?!

Батыр ата, айналайын ер ата,
Ұрпақтарға қасиетіңді бер ата!
Бір заманда қол бастаған кемеңгер,
Сізді мәңгі ұмытпайды ел, ата!

“Өрнек” деген әсем ән бой кернеген.
Бір жағынан ерке Есіл тербеген.
Батыр, молла атын айтса айдалған
Заман болған қылыш ала сермеген.

Қара сулы, алқа нулы Өрнегім,
Лайықты десек шығар төрге кім?
Сан ғасырлар шаша берсін шуағын,
Жанатай батыр жастанып жатқан жерге күн!

САҒЫНУ

Атқарар адам әр істің жеңіл, ауырын,
Қоғамдық ұғым “нашары” менен “тәуірін”.
Еңбегім жанып, азғантай сыйлық бергенін
Шіркін-ай, менің естіді ме екен ауылым?

Ол жақта жақын туыстарым бар, бауырым,
Солардан білем, өмірдің жеңіл, ауырын.
Жастарың кетті жан-жаққа өмір қамымен,
Түсінем қиын, тағдырың қазір, ауылым.

Сол жақтан біреу келер деп астың тәуірін,
Тыққыштап жамбас, жілік пен түрге жауырын,
Келіп бір қалса “қампитам жүнді бөрідей”
Амандығымды естісін деп ауылым.

Тағдырдың бастан өткергеннен
соң дауылын,
Көшімнің жөндеп алғанда кейбір ауығын.
Елеңдеп тұрам ел жақтан сыбыс бар ма? – деп,
Сынбағанымды біле ме екен? – деп ауылым.

Сәнімен болып жатқанда үйде сауығым,
(Тоқтық пен жоқтық әр адамда дау ұғым).
Қанағат қылып, “тәубелеп” берген тойымды,
Алыста менің естіді ме екен ауылым?

Шырғалаң шығып, кездессе өмір дауы мың,
Қазандай қайнап, лекілдеп жатса қауымым…
Жүдеңкі тартып, жүнжіген кезім болғанда,
Естімей, көрмей, білмесе, – деймін ауылым.

Шатқаяқтамай қоғам да жазар бауырын,
Кетеді ол хақ мен сүрген мына дәуірім…
Өзіңді аңсар, ұлдарың менен қыздарды,
Өсіріп аман, сағынта берші, ауылым.

АУЫЛДЫ АҢСАУ

Асығуды қалаңыз, қаламаңыз,
Әдеттеніп кеттік қой қалаға біз.
Тоқтай алмай келемін әбігермін,
Өсірсе де тербетіп, дала нағыз.

Дала, ауыл… ол бір кез сайран еді,
Қалды ғой, балалықтың қайран елі.
Құрт қайнатып аулада апам жүрсе,
Атам атпен шығатын сайдан бері…

Апыл-ғұпыл тез ішіп тамағымды,
Ат үсті жасай салып сабағымды.
Есікті жүре жауып зытатынмын,
Шала естіп апам айтқан “қарағымды”.

Менде міндет, жауап та болмайтұғын,
Топай құрып, сақа еді ойнайтыным.
Бірақ, бірақ атамның қабағынан,
Білетінмін қолдамау, қолдайтынын.

Бүгінде елді аңсаймын “нұр мекен” деп,
Бір ұлың бас қаланы жүр мекендеп.
Мен әлі ерсі істен именемін,
Қабағын түйіп атам тұр ма екен деп!


Бүркіт БЕКМАҒАНБЕТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp