М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Өңіріміздің намысын қорғайтын үздік оқушыларды анықтайтын білім додасына аудандық, қалалық кезеңдерде топ жарған 600-ге жуық өрен қатысты.
Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиадада 15 пән бойынша өтті. Олардың білімін бағалаған қазылар алқасының құрамында М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің оқытушылары және Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері болды.
Олимпиада сұрақтарын “Дарын” ұлттық орталығы әзірлеген. Бірінші кезеңде қатысушылар жазбаша тапсырманы орындаса, келесі кезең білімін тәжірибе жүзінде бекітуге бағытталған.
Осы жолы үздік нәтиже көрсеткен оқушылар көктемде Ақтау және Талдықорған қалаларында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады.
Жансая ҚАЙЫПОВА, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.