Облысымыздың орталығында бой көтерген Оқушылар сарайы Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы сынды ауқымды шара қатысушыларын қарсы алып, өңіріміздегі маңызды нысандардың біріне айналып үлгерді. Бүгіндері жоғары технологиялық базамен жарақталған сарай жастардың зияткерлік даму орталығы, шығармашыл балалардың ордасы ретінде өзінің негізгі міндетіне кірісіп кетті. Кеше “Digital URPAQ” сарайы өңіріміздің жас тұрғындары үшін өз есігін айқара ашып, алғашқы келушілерін қарсы алды.
Сарайдың салтанатты ашылу рәсіміне жиналғандардың қарасы қалың болды. Жаңа нысан ұсынатын мүмкіндіктермен танысқысы келетін жұртшылық үшін “Ашық есік күні” ұйымдастырылды. Нысанның жұмысымен алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.
“Digital URPAQ”қа келушілер алдымен сандық ресепшнге жолығып, қызмет ала алады. Мұндағы кеңесші мен оның робот көмекшісі келушінің кез келген сұрағына жауап беруге дайын. Қажетті ақпаратты LED-экрандар мен бейне қабырғалардан да табуға болады.
Оқушылар сарайы жастардың ІТ, көркемөнер, экология-биологиялық бағыттар бойынша білім алып, шеберліктерін шыңдауға көмектеспек. Құмар Ақсақалов бастаған топ осы күнге дейін петропавлдықтар үшін таңсық болып келген үйірме кабинеттерін аралап, негізгі жұмыс қағидаларымен танысты. Химия және биология пәндерін тереңдетіп оқыту, экологиялық таза өнімдер алу жолдарын қарастыру, өсімдіктерді жан-жақты зерттеу, оларды топырақсыз өсіру, тыңайтқыштарды өндіру және тағы басқа зертханалық талдаулар жүргізу тәжірибелері Назарбаев зияткерлік мектебі, “БЭСТ” гимназиясы сынды санаулы білім беру мекемелерінде ғана жолға қойылған болатын. Енді, міне, жаңа нысан кез келген табиғат зерттеушілерін қабылдап, оларды заманауи компьютерлендірілген жабдықтарда жұмыс істеуге үйретуге дайын. Ал физика, робототехника, мехатроника, дрондар құрастыру үйірмелері болашақ инженер, құрылысшы мен ақпараттық сала мамандары үшін бастапқы тәжірибелік алаң болмақ. Облыс орталығындағы көпшілік өнер мектептері мен қосымша білім беру мекемелері алдағы уақыттарда осы ғимараттан орын тебеді деп күтілуде. Мұнда оқушылармен қатар мектепке дейінгі жастағы балалардың да компьютерлік дағдыларын арттыруына арналған дыбыс жазу, мультимедиалық және кино студиялары жұмыс істейтінін де айта кеткен жөн.
Құмар Іргебайұлы жастармен әңгіме барысында келешегіміз дарынды өрендердің қолында екенін айтты, олардың биік шыңдардан көріне білетініне сенім білдірді.
Оқушылар сарайының ашылуына арналған салтанатты шара келушілерге тамаша әсер сыйлады. Өнерпаз жастардың қойылымдары заманауи технологиялар әлеміне жетелегендей болды.
– Бұл орталық Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бой көтерді. Сондықтан оны Елбасымыздың солтүстікқазақстандық жастарға жасаған тартуы деп санауымыз қажет. Біз Оқушылар сарайын әлемдегі ең соңғы ғылыми өндірістік технологиялармен және үздік зертханалармен жабдықтауға тырыстық. Мұнда 87 үйірме жұмыс істеп, бір мезгілде 1800 оқушы мен студент өздерінің сүйікті істерімен айналыса алады. Осылайша ол елімізде теңдесі жоқ Оқушылар сарайына айналады, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.