Бүгін таңалагеуімде “101” пультіне Петропавлдағы Алтынсарин көшесінің бойында орналасқан екі қабатты 71-ші үйде өрт шықты деген суыт хабар келіп түсті.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы байланыс тобының мәліметінше, өрт сөндірушілер оқиға орнына 5-6 минуттың ішінде дереу келіп жеткенімен, ағаштан салынған үй мен оның маңайындағы қора-қопсысы қызыл жалынға оранып үлегргендіктен, “тілсіз жаумен” ұзақ арпалысуға тура келді. Өрт таңғы сегізге таяу толық сөндіріліп болды. Бұл жұмысқа 21 адам мен 4 техника жұмылдырылған. Өрт 285 шаршы метр аумақты шарпып, үйдің төбесі мен қора-қопсысы зардап шекті. Абырой болғанда, бұл үйде ешкім тұрмайды екен. Сондықтан зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себептері анықталуда. Электр сымдарының тұйықталуынан от шықты деуге негіз жоқ, өйткені бұл үй электр тоғынан ажыратылған болып шықты.
Айта кету керек, “Жас өркен” шағын ауданында салынып жатқан жаңа мектеп құрылысының аумағында орналасқан бұл үйдің иелеріне қалалық әкімдік жалпы аумағы 120 шаршы метрді құрайтын екі пәтер ұсынғанымен, бұл шешіммен келіспеген тұрғындар сотқа жүгінген еді. Соның кесірінен құрылыс тоқтап тұрған болатын. Енді өрт салдарынан құрылысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік жоқ. Мектеп биыл қараша айында пайдалануға берілуі тиіс.