«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕЗИНФЕКЦИЯ – ДЕРТКЕ ТОСҚАУЫЛ

«Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінен эфирге шыққан Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин облыс орталығын зарарсыздандыру жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатқанын айтты.

– Қазір шаһарда 183,2 километр көшенің асфальтбетон жабындысы бар. Ал жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы 366,4 километрді құрайды. Сол себепті дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуге 19 техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, қазір қызметкерлер жолдарды 6 «ГАЗель» автокөлігінің, 10 суландырып жуатын машинаның, 1 «МТЗ» тракторының және «ЗИЛ», «ГАЗ» жүк көліктеріне тиелген 2 бүркуіштің көмегімен дәрілеп жүр. Бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен 15 млн. теңге бөлініп отыр, – деді Асқар Ережепұлы.
Сәуір айының басында қалаға Жамбыл облысынан 50 әскери қызметші келіп, карантинге жабылған баспаналар мен қараусыз қалған үйлерді дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуге қолғабыс етті. Яғни, олар Жұмысшы, Заречный кенттеріндегі, Былғары зауыты, «Береке», 19-20-шы шағынаудандарындағы, Қазақстан Конституциясы көшесі бойы мен вокзал маңындағы 600 тұрғын үйді аралап, кіреберістер мен аулаларға арнайы ерітінді септі. Ал қазір бұл жұмыс петропавлдық 39 әскери міндеттінің мойнына жүктелген. Аумақтық қорғаныс бригадасының құрамына алынған 22-34 жас аралығындағы азаматтар дәрілеу жұмыстарын таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жүргізуде. Күніне 250 тұрғын үйді қамтитын олар «Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарған дихлор ерітіндісін пайдалануда.
Асқар Ережепұлы айтып өткендей, пәтер иелері кооперативтері бар көпқабатты үйлерді тұрғындар өздері дезинфекциялаулары тиіс. Бұл жұмыс атқарылмаса, айыппұл салынады.
– Қазіргі қиын шақта карантин талаптарын қатаң сақтап, үйде отыру маңызды. Бұл бірінші кезекте тұрғындардың денсаулығын сақтауға және инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қажет. Шетелдердің тәжірибесі көрсеткендей, бұл індет – өте қауіпті ауру. Сондықтан тұрғындар далаға шыққанда абай болып, ата-аналар балаларын беталды тысқа шығаруды тоқтатса екен. Өйткені, қазір аулаларда ойнап жүрген балаларды көріп жүрміз, – деді Асқар Хабибулин.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp