«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дені сау ұрпақ — қоғам байлығы

Еліміздің даму бағытын бекіткен “Қазақстан – 2050” Стратегиялық бағдарламасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, дене тәрбиесімен, спортпен шұғылдану мәселесі қаралған. Бүгінгі күнде жас ұрпақты бала кезінен дене және рухани күштері сайма-сай жетіліп, шынығып өсетіндей етіп тәрбиелеу ісін қамтамасыз етуді мемлекетіміз аса маңызды міндеттердің бірі деп санайды. Осы міндетті жүзеге асыруда дене шынықтыру мұғалімдері маңызды рөл атқарады.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде деңгейлік оқыту технологиясы және топтық әдіс-тәсілдерді сабақтарымда кеңінен пайдаланамын. Президенттік сынақ пен қосымша үйірме жұмыстарының маңызы зор. Олардың көмегімен мектепте сауықтыру, тәрбиелік және білімділік мақсаттар шешіліп, оқушылар бұқаралық спортпен айналысуға талпыныс жасайды.

Әр уақытта шәкірт ұстазға еліктейді. Сондықтан дене тәрбиесі мұғалімінің басқа пәндер мамандарымен салыстырғанда, орны бөлек. Мұғалім сабақ үстінде, яғни, көрсету тәсілін қолданғанда өзі үлгі болуы тиіс. Менің өз-өзіме қоятын талабым: Ұстаз оқушыны өзінің педагогикалық шеберлігімен, дене жаттығуларына деген сүйіспеншілігімен қызықтыра білуімен ынталандыруы керек. Демек, талап қана денсаулыққа кепіл бола алады. Олай болса, күнделікті жаттығу, жүгіру денені ширата түссе, бала өзі қалаған спорт түріне икемделе бастайды.

Әрбір оқушының спорттық бағыт-бағдары мұғалімнің мойнында, оның шеберлігі мен еңбекқорлығында. Әрине, бағдарламадағы сабақты беріп, қол қусырып отыруға да болады. Бірақ жеткіншектер бізден тәрбиенің өтімді жолдарын сұрайды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жаттықтырушы міндетін атқарса және оны абыроймен жүргізсе, шәкірттің де, өзінің де, мектептің де мәртебесі өседі. Сондықтан ауыл жастары, ата-аналар, ұстаздар, оқушылар, көршілес мектептер арасында волейбол, баскетбол, футболдан жолдастық кездесулер, “Көңілді эстафеталық ойындар”, “Әкем, шешем және мен” жарыстарын жиі өткіземін. “Тәні саудың – жаны сау” дегендей, ауылымызда ұйымдастырылатын “Денсаулық фестивалі”, “Саламатты өмір салты” сағатына мектептің 1-11-сынып оқушылары қатыстырылып, денсаулық – халық қазынасы, ел байлығы екендігі айтылады.

Қазақстан спорт саңлақтарының жетістіктері арқылы оқушылардың ынтасын, қызығушылығын арттыруға тырысамын. Осы бағытта спорттың әр түрінен материалдар жинақтап, сабақ тақырыбына сәйкес таныстырамын. Әр сабақты түрлендіріп өткізу, пәнаралық байланысты пайдалану, жас ерекшеліктерін ескеріп, бой жазу жаттығуларын орындату, эстафеталық ойындар ойнату, спортқа ынталандыру жұмыстарын жүргіземін.

Мектептегі дене тәрбиесі сабағы оқушыларға аздық етеді. Осыған байланысты сыныптан тыс футбол, волейбол, баскетбол, теннис, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат үйірмелері жүргізіледі. Нәтижесінде мектебіміздің оқушысы Айым Тастыбай шахматтан бірнеше жыл қатарынан аудан бойынша І орынға, ал облыс бойынша ІІ, ІІІ орындарға ие болуда. Өткен жылы ұлдар командасы футболдан облыс көлемінде аудан намысын қорғап, І орынға ие болса, қыздар ІІ орынды еншіледі.

Бағдат ҚОЖЫЛДАҚОВ,

Қали Хадесұлы атындағы

Жаңаауыл орта мектебінің дене

шынықтыру пәнінің мұғалімі.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp