«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАН ЕҢБЕГІ – ЕЛ ЫРЫСЫ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Көрме ұйымдастырылып, өңірдің үздік кәсіпорындары өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, саланың дамуына үлес қосқан қызметкерлерді марапаттады.

Өңір диқандары биылғы жылды көңіл қуантарлық көрсеткіштер­мен қорытындылап отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім кө­лемі 1 триллион теңгеге жетті. Өндіріс көлемі өткен жылмен са­лыстырғанда айтарлықтай өсіп, об­лысымыз республика бойынша бірінші орынға шықты. Күз мезгілінің соңғы айында тойлана­тын осынау мереке – тынымсыз еңбектің қорытындысын шығара­тын уақыт қана емес, сондай-ақ өңір диқандарының жанкешті ең­бегіне алғыс білдірудің тамаша мүмкіндігі. «Биыл Солтүстік Қа­зақстан облысы елдің аграрлық өндірісінің көшбасшысы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мемлекет тарапынан берілген теңдессіз қол­дау мен еңбеккерлеріміздің қажырлы жұмысының арқасында 6,5 млн. тоннадан астам астық, 1,2 млн. тонна майлы дақыл жиналды. Мал шаруашылығы бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар. Өңір­де мегафермалар салынып, зама­науи инновациялық технологиялар енгізілуде», – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.

Биыл ауыл шаруашылығы сала­сына мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетілді. Көктемгі егіске және орақ жұмыста­рына 161 млрд. теңге бағытталып, қосымша 75 млрд. теңге субсидия берілген. Еңбегі ел деңгейінде баға­ланған жерлестеріміз аз емес. «Мәм­бетов және К» серіктестігінің меха­низаторы Мұрат Қаражұманов «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. «Қазақстанның аграрлық са­ласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Серік Малаевқа табыс етілді.

Салтанатты іс-шарада үздік ең­беккерлер сахна төрінен көрінді. Елдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 3 азамат «Құрмет» орденін алды. Ға­бит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан «Намыс» ЖШС-ның жүргізушісі Азат Атнагулов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапат­талды. Одан өзге бірқатар адамға Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімінің Құрмет грамо­тасы және Алғыс хаты табысталды. «Біз биыл мол өнім алдық. Егін бітік шықса, шаруалардың да көңілі жайланады. Жұмыс сапасын арт­тыру үшін салаға жасанды интел­лект элементтерін пайдалануда­мыз. Әріптестерімді кәсіби мереке­лерімен шын жүректен құттықтай­мын. Отанымыздың дамуы жо­лында ерінбей еңбек ете берейік», – деді «Полтавское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ди­ректорының орынбасары Ерлан Зікірин.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp