
Немерем мектептегі домбыра үйірмесіне қатысады. Үйде домбыра мұғалімі берген тапсырмаларды орындап, күніне бір рет саусақтарын жаттықтыратынын көріп жүрмін. Бір күні немеремнен: “Сыныптастарыңның домбыра үйренуге қызығушылығы қандай?” – деп сұрадым. “Әже, сыныптағы 25 баланың тек алтауы ғана үйірмеге барады”, – деп жауап берді. Ал қалған сыныптастары “бәрібір домбырашы болмаймыз, оны үйреніп қайтеміз” дейтін көрінеді.
Әр ұлттың ерекшелігі оның тілінен, салт-дәстүрінен, тегінен және өнерінен көрінеді. Мәселен, тау халықтарының табанды күш-жігерін көрсететін өткір биі – лезгинканы білетіндердің қатары қалың. Қаны қызу кавказдықтардың ұлттық нышанына айналған өнердің өрісі бүгінде кеңейіп, жалпақ жұрт лезгинка десе желкілдей жөнелетін әдет тапқан. Сол тау халықтары лезгинка биін балаларына үш жарым жастан бастап үйретеді екен. Жас ұрпақты отбасы ғана емес, қоғам болып ұлттық нақышта тәрбиелеп жатыр.
Ал біз балаға білім беру жағынан алға озғанымызбен, ұлттық тәрбиеге келгенде кемшін тұстарымыз жетерлік. Қадыр ақынның “Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра” дегенін жүз қайталағанымызбен, оның мәнін түсінгендер кем. Күй өнері арқылы да жас ұрпаққа тәрбие беруге болады. Мысалы, Құрманғазының “Кісен ашқан” күйін алайықшы. Күй бодандықтан бостандыққа жету, қолдағы кісенді ашып, тәуелсіз ел болу қажеттігін меңзеп тұрған жоқ па? Осы күйді тыңдай отырып, қазақ халқының басынан өткерген тағдыр-тауқыметін білуге болады. Сейтектің “Заман-ай” күйінің де көтерген жүгі зор. 100 жыл бұрын орыс әскерлері қазақ даласына келіп, зорлықпен ер адамдарды окоп қазуға деген желеумен айдап алып кетіп жатқан кез. Қазақ халқының басына түскен сол зұлматты көзімен көрген Сейтек “Заман-ай” деп зарланып күй шығарады. Бұл күйді “күй-жоқтау” деп те айтуға болады. Демек, домбыра тартуды үйренген бала күй арқылы қазақтың терең тарихымен таныса алады.
Елімізде Ұлттық домбыра күні бекітіліп, қоғамның киелі аспапқа назары ауғаны рас. Алайда, осы бір тың бастама бір күндік шаралармен ғана шектелмей, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс сияқты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай ұйымдастырылған концертте: “Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл – қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. “Өнер – ұлт келбеті” дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керек”, – деді.
Мемлекет басшысы дөп басып айтты. Өйткені, біз әлі күнге дейін домбыраны ұлттық келбетімізге айналдыра алмай отырмыз. Әлем халқының бір парасы түркі халқына тиесілі ұлттық аспап екенін білгенімен, дәл тау халқының лезгинкасындай дәрежеге көтере алмадық. Олар бесіктен белі шықпаған балаларға ұлттық билерін үйретуге талпынады. Ал біздің мектеп қабырғасында жүрген оқушыларымыз домбыраға мұрын шүйіріп қарайтыны аңғарылады. Айтайын дегенім, ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып, оның жан дүниесін оятуда, домбыраға деген ынтасын арттыруда ата-аналар да, ұстаздар да аянып қалмауы қажет.
Әмина ТАСЫБАЕВА,
зейнеткер.