Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен облыстық әкімдік жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда білім беру мекемелеріндегі “Дінтану негіздері” курсын оқыту мәселелері сөз болып, діни экстремизм және лаңкестік әрекеттердің алдын алу бойынша Қызылжар ауданында атқарылған жұмыстың барысы тыңдалды.
2009 жылдан бастап білім беру жүйесіне енгізілген “Дінтану негіздері” курсына бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 32 мыңнан астам оқушы қатысқан. Облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың мәлімдеуінше, аталмыш курс бойынша оқулық та, білікті ұстаздар да жеткілікті. Факультативті тарих пәнінің мұғалімдері мен біліктілікті арттыру курсынан өткен мамандар беруде. Ал ІІД ІӘ Әскери институтының профессоры Сәуле Сүлейменова бұл мәселеде проблемалардың да бар екенін айтып, олардың бірқатарына тоқталып өтті. “Факультативті кейде тәжірибесі жоқ тарих пәнінің мұғалімдері береді. Олардың біліктілігін арттыру ісіне көңіл бөлу маңызды. Курстарға дінтанушылар мен ғалымдарды да шақырған дұрыс”, – деген профессор оқыту-әдістемелік және ғылыми дінтану әдебиетін сақтаудың бірегей қорының жоқ екенін де мәлім етті. Сондай-ақ, Интернеттегі сайттар қатаң бақылануы қажет.
Жиында сөз алған Қызылжар ауданының әкімі Еркебұлан Каменов аудандағы діни ахуалдың тұрақты екенін айтып, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-насихат тобының мүшелері жыл басынан бері 80-ге жуық шара өткізгенін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов дін бірінші кезекте халық бірлігін сақтау тұрғысында жұмыс істеуі керектігін айтып, оны жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдар мен дінбасылар жұдырықтай жұмыла еңбек етулері тиіс екендігін атап көрсетті.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.