Облыстық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өткен семинарға “Дінтану негіздері” факультативінен сабақ беретін 500-ге жуық тарих пәнінің мұғалімі қатысты.
Жат ағымның жетегіне еріп, адасатындардың дені – жастар. Сондықтан оқушылар жат діндердің кесірін ерте бастан білгені жөн. Дінтану факультативінің де көздегені осы. Осындай ойларын ортаға салған ұстаздар қауымы шәкірттерін дінтану ғылымынан хабардар ету үшін алдымен өз білімдерін жетілдіріп, өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығын да сөз етті.
Дәстүрлі дінді танып-білуде оқушыларға сала мамандарының дәрістерін тыңдатып, ой көкжиегін кеңейтудің де маңызы зор. Аталмыш бағытта өңіріміздің дін қызметкерлері мен білім мекемелері өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуде. “Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы Хамзат Әділбеков жастарды сабаққа ынталандыру үшін қызықты тақырыптарды таңдау мәселесіне айрықша көңіл бөлу керектігін атап өтті.
Мектептерде аптасына бір мәрте оқытылатын дінтану пәнінің маңыздылығын арттыру ұстаздарға байланысты екенін айтқан “Дінтану негіздері” факультативінің оқытушысы Людмила Трифонова бүгінде тәлімгерлерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын тілге тиек етті.
Елімізде 2009 жылдан бері оқытылатын аталмыш факультативпен осы күнге дейін 32 мың оқушы қамтылған екен.
Азамат ЖАНТУРИН,
журналист.