
Көзі тірісінде-ақ ел қошеметіне бөленіп, қазақ валісінің короліне айналған Шәмші Қалдаяқов мәңгілік өлмейтін талай әндерін бізге мұра етті. Соның бірі – “Дүнген қызы”. Бұл әнді Шәмші белгілі ақын Сабырхан Асановпен бірлесе отырып шығарған екен.
Бірде Шәмші Сабырхан Асановты ертіп, Жамбыл өңірін аралауға кетеді. Бірге жүрген сапарда екеуі “Отырардағы той”, “Теріскей”, “Сағынышым менің”, “Фосфорлы Жамбыл”, “Әсемсің әніңдей” сияқты әндерді жазады.
Жамбыл өңіріне сапары кезінде жергілікті тұрғындар сазгер мен ақынға ерекше қошемет көрсетсе керек. Сонда Шәмші: “Айналайын, қазақтарым-ай, пейілдеріңе, кең жүректеріңе рақмет. Сабырхан екеуміз жазған әндерді әуелетіп жүрген сендерге мына біздер қарызбыз”, – деп ризашылық білдіреді. Сазгер айтқандай-ақ, әнді жергілікті халық жадында сақтап, оның көзден таса болуына жол бермеген.
Бірі – әнін, екіншісі мәтінін шығарып жүрген күндердің бірінде “Дүнген қызы” әнін дүниеге әкеледі. Әуелі бұл әннің сазы, кейін мәтіні туған екен.
Жамбыл өңірінде Дүнген ауылы бар. Кезінде Шәмші сол ауылда тұрып, дүнген халқымен тығыз араласып, жақсы достар тапқан. Сол ауылдағы дүнген қызын Шәмші өз әніне арқау еткен. Сазгердің сезімін оятып, әсем әнге арқау болған арудың бұл күнде көзі тірі. Шәмшідей ақпейіл жанның нәзік жүрегін сезім мен сазға бөлеген дүнген қызының құрметіне шығарылған ән әрбір қазақтың сүйіп айтар туындысына айналды.
Өкінішке қарай, “Дүнген қызы” әні біраз жылдар бойы айтылмай келді. Өткен ғасырдың аяғында ғана туындыны Ғани Мәтебаев пен Мақсат Базарбаев өз репертуарларына қосып, халыққа ұсынды. Газеттердің біріне берген сұхбатында әнші Ғани Мәтебаев: “Менің ойымша, “Дүнген қызы” әні Шәмші ағамыздың сол ауылдағы дүнген халқына деген ризашылығынан, туындаған дүние секілді. Мұны солай қабылдағанымыз ләзім. Білесіздер ғой, Шәмші ағамыз қазақтың қай өңірінде, қай түкпірінде болмасын сол жерге арнап өзінің сыйы ретінде жүрекжарды әндерін қалдырып отырған. “Арыс жағасында”, “Сыр сұлуы”, “Мойынқұмда” сияқты тағы басқа әндері осыған дәлел бола алады”, – деді.
Түндей тұнық көздеріңнің қарасы,
Қосылардай қастарыңның арасы.
Жалт қарасам, жалын атқан ақ жүзің,
Алаулайды атқан таңмен таласып,
сырғалым.
Қайырмасы:
Қиял қанша ертеді елес
Дүнген қызы, арманым.
Кез боп келсе ертелі-кеш,
Сенен көзді алмадым.
Өзгені емес, өзіңді ойлап жүдедім,
Түсінер деп бір қазақтың жүрегін,
сырғалым.
Кімге болсын сүйкімді бір баласың,
Көңілімді баурап алып барасың.
Гүлге орайсың, түнге орайсың жылда сен,
Елге жәннат ерке Талас даласын,
сырғалым.
Қайырмасы:
Сені ойлаумен артта суық қыс қалды,
Сені ойлаумен жазғы ұзақ түн қысқарды.
Бақыт жайлы әнді бірге шырқайық,
Қонақтатып қойып бауға құстарды,
сырғалым.
Қайырмасы.
Диас ДУМАНҰЛЫ, М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің студенті.