«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘМХАНАЛАР ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

18 мамырдан бастап карантин талабын жеңілдетудің төртінші кезеңі басталды. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов мәлімдеді.

Алдымен бизнес орталықтар іске қосылатынын айта кеткен жөн. Басты талап – қызметкерлердің және келушілердің дене қызуын өлшеу. Орталыққа кіреберісте антисептиктер мен санитайзерлер орнатылып, әр адамға бетперде кию қажеттігі ескертіледі. Екіншіден, тұрғындарға билет сату мақсатында темір жол вокзалы жұмыс істей бастайды.

– Тұрғындарға қызмет көрсету мақсатында (жеке және заңды тұлғалар үшін) халыққа қызмет көрсету орталықтарының да есігі ашылады. Қызмет көрсету орталықтарына бару үшін тұрғындар egov.kz порталы немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы алдын ала кезекке тұруы қажет. Алдын ала жазылусыз ешқандай қызмет көрсетілмейді, – дей келе Серікбай Қасмақасов қоғамдық тамақтану орындары да жұмыс істеуге кіріскенін атап өтті. Мұндай орындарда келушілердің саны отыз адамнан артық болмауы тиіс. Жұмыс уақыты кешкі 22.00-ге дейін. Ал отбасылық, корпоративтік және еске алу шараларын өткізуге рұқсат жоқ. Жеңілдетілген карантин талабының төртінші кезеңі аясында туристік базалар, демалыс орындары, қонақүйлердің де жұмысы жанданады. Бұл жерлерде де сақтық шаралары қатаң орындалуы тиіс. “COVID-19” вирусына күдікті жандар үшін оқшаулау бөлмесі қарастырылуы қажет.

Брифингте білім беру орталықтары мен үйірмелер ашылатыны айтылды. Сондай-ақ, санитарлық шарттарды орындау талабымен діни ұйымдар, жеке сот орындаушылары, жазғы демалыс маусымына дайындық жүргізу мақсатында сауықтыру лагерьлері іске қосылады. Ашық аспан астындағы стадиондар, футбол, баскетбол, теннис, волейбол алаңдарында ойнауға болады. Алайда, көпшілік жиналатын спорттық, отбасылық, еске алу мен өзге де бұқаралық шараларды өткізуге рұқсат етілмейді. Бұл орайда, кинотеатр, түнгі клуб, фитнес және жаттығу залдары, монша, сауна, сауда ойын-сауық кешендеріндегі балалар ойын алаңдары, компьютер клубтары, спорттық кешендер жұмыс істемейтінін айтып өткен жөн.

Өңірлік жедел штабтың шешімімен кәсіпкерлер палатасы және әкімдік өкілдерінен құрылған мониторингтік топ кәсіпкерлік субъектілерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қадағалауда. Талапты бұзғандарға қатысты шара қолдынылады. Қазір әлемде қауіпті індет жұқтырған науқастардың саны өсуде. Сондықтан шекарадан өтетін барлық жолаушылар “COVID-19” вирусына тест тапсырады. Мамыр айының басынан 1568 адам сараптамадан өтті.

 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp