Өңірімізде коронавируспен күресті күшейту мақсатында бес оттегі стансасы және инфекциялық аурухана салынып жатыр. Бұдан басқа төсек-орын қоры 2315-тен 3 400 орынға дейін көбейтілді. Өкпені жасанды желдету аппараты 3 есе, яғни 81-ден 228-ге, оттегі концентраторы 20 есе, 18-ден 363-ке және пульсоксиметр 9 есе – 132-ден 1195-ке дейін ұлғайды. Таяуда 11 рентгендиагностикалық аппарат және 8 көшпелі медициналық кешен сатылып алынбақ. Орталық телекоммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифингте “COVID-19” індетінің екінші толқынына әзірлік барысы сөз болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қабдырахман Сақтағанов індеттің алғашқы толқынында аурумен күресуде қол ұшын созған солтүстікқазақстандықтарға зор алғысын білдірді. “Демеушілер емдеу шараларын қажет еткен науқастарға 19 өкпені жасанды желдету аппараты мен 328 оттегі концентраторын сатып әперді. Бұдан басқа, жомарт жандар медициналық ұйымдарды қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етті”, – деді Қабдырахман Еркінұлы.
Елімізде бүгінге дейін індет жұқтырудың 108362 фактісі тіркелді. Оның 4169-ы – біздің өңір тұрғындары. 103 мыңнан астам қазақстандық, соның қатарында 3921 солтүстікқазақстандық аурудан толығымен айыққан. Стационар жағдайында 13216 науқас медициналық көмекке ие болса, он мыңнан астам адам үй жағдайында емделді. Пандемия жарияланған күннен бастап облыс ауруханаларында “COVID-19”-ға шалдыққандар үшін 300 төсек-орын дайындалды. Бірақ уақыт өте келе, кереуеттер қорының жетіспеушілігі анық байқалды. Сол сияқты дәрігерлер тапшылығы да орын алды. Аурудың екінші толқынында осындай келеңсіздіктердің қайталанбауы үшін денсаулық сақтау мекемелері нақты жұмыс жоспарын бекітіп, техникалық-материалдық базаны нығайтуға көшкен. “Кереуеттер саны 2415-ке дейін көбейтіледі. Қажет болған жағдайда олардың санын 3400-ге дейін жеткізуге дайынбыз. Бұған қоса, облыс аумағында 405 бірінші деңгейлі инфекциялық орындар ашылады. Кадр мәселесіне де айрықша назар аударудамыз. Денсаулық сақтау министрлігі өңірімізге 120 дәрігерді жөнелту жөнінде шешім шығарған болатын. Бүгінде олардың 60-ы (38-і аудандарда, 22-сі облыс орталығында) өз жұмысына кірісті. Қазан айының соңына дейін тағы 40 маман келмек”, – деді Қабдырахман Сақтағанов. Бұған қоса, індетпен күреске резиденттер, ведомстводан тыс медицина мекемелерінің 40-қа жуық қызметкері жұмылдырылатын болады.
Баршамызды медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмектер жайы алаңдататыны белгілі. Спикерлердің айтуынша, бұл жағдай да оң шешімін тапқан. Бүгінгі күні ауруханалар қорында 121 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Алдағы уақытта олардың қатары 111 жаңа қондырғымен толықпақ. Сонымен қатар облыстық бюджет қаражатына 5 оттегі стансасын сатып алу жоспарланған. Олар облыс орталығында орналасқан 4 емдеу мекемесіне беріледі.
Өңіріміздің бас дәрігерінің мәлімдеуінше, облысымызда “COVID-19”-бен қатар тұмау және вирустық инфекциялар ауруларын емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Денсаулық сақтау басқармасы дәрілік препараттардың 12 түрі бойынша тізім бекіткен. Оған қажетті қаражат тұрақтандыру қорынан бөлінбек. “Шыны керек, коронавирустың алғашқы толқынында дәрі-дәрмек жетіспеушілігі орын алды. Сондықтан біз олардың қатарын арттыру мақсатында 400 млн. теңге қаржы жұмсадық. Науқастар қатары күрт өсетін болса, қосымша 218 млн. теңгеге дәрі-дәрмек сатып алуды көздеп отырмыз. Шалғай аудандарда орналасқан дәріханасы жоқ елді мекендердің медицина қызметкерлері курстан өтіп, науқастарды өздігінен дәрі-дәрмекпен қамту мүмкіндігіне ие болады. Сонымен бірге 728 млн. теңгеге жеке қорғаныс құралдарын сатып алдық”, – деді ол.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.