«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГІЗДЕР — ЕРЕКШЕ АДАМДАР

Біз осы егіздер жайлы не білеміз? Олар бір кіндіктен нәр алып, бір құрсақта жатқанымен өмірдегі жолдары біркелкі бола бермейді. Әдетте біреуі ширақ, екіншісі сәл әлсіздеу өсетіні бар. Уызға қанбаған ғой дерсіз. Бірақ кейбірі күш-қуат жағынан анасының қос анарын ешкіммен бөліспей жалғыз өзі емгендерден де асып түсетінін немен түсіндіреміз? Қазақтың күрзі жұдырықты боксшыларының, жай боксшы емес-ау чемпиондарының арасында егіздердің көптігі олардың ерекше жаратылыс иелері екенін аңғартатындай.

Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы, жерлесіміз Жанат Жақияновпен осыдан он жылдай бұрын таныстым. Кезекті жекпе-жектің алдындағы қарбалас, жақында шетелге жаттығуға аттанбақ ойы бар екен. Арада бір аптадай уақыт өткен кезде былғары қолғап шеберімен ойда-жоқта көшеде жолымыз тағы түйісіп қалды. Амандасып, хал-жағдайын, оқу-жаттығу жиындарына неге кетпегенін сұрап жатырмын. Ал ол түк түсінбегендей маған тосырқай қарайды. Танымай тұрған сыңайлы. Ішімнен “басқа тиген соққылар адамды ұмытшақ етеді екен ғой” деп қоямын, әйтпесе, алдында бір сағат отырып сұхбат алған адамды қалай тез ұмытып қалуға болады?

Кейін білдім. Мен жолықтырған Жанат емес, оның егізі Азамат екен. Екеуінің түрлері бір-бірінен аумайды. Түрлері ғана емес, қызығушылықтары да ұқсас. Екеуі де алғашында ауылда күрес үйірмесіне барған, кейін қалаға көшіп келген соң бокспен шұғылдана бастаған. Егіздердің анасы құрсағында қос жүрек соғып жатқанын алғашында білмеген болып шықты.

– Біз Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының Благовещенка деген ауылында тұрдық. Босанғанға дейін егіз бала туатынымды білмедім десем де болады. Ауыл дәрігері не салмағы ауыр бір сәби немесе егіз табуым мүмкін екенін айтып, Петропавлдағы перинаталдық орталыққа жіберді. Азамат дүниеге бірінші болып келді, салмағы 2 килограмм 200 грамм. Ал Жанаттың салмағы 2 килограмм 600 грамм екені есімде қалыпты. Бұл 1983 жылдың 24-ші қарашасы еді, – деген болатын Жанат әлем чемпионы атанған кезде берген сұхбатында анасы Нұржәмила Төкенқызы.

Жанат – бүгінде кәсіпқой бокстан ең жеңіл салмақта WBA тұжырымы бойынша әлемнің суперчемпионы. Бұл атақты биылғы ақпан айында АҚШ-та Роуши Уоррен есімді былғары қолғап шеберін жеңіп иеленген болатын. Сыңары Азамат та осы салада. Петропавлдағы бокс мектебінде жаттықтырушы. Халықаралық дәрежедегі төреші ретінде түрлі жарыстарда қазылық етеді.

Қазақстанның атын барша әлемге паш етіп жүрген ең танымал және беделді спортшылардың бірі – Геннадий Головкин. Ол – бокстан орта салмақта WBA, IBF, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Жұрт Генаның да егіздің сыңары екенін көпке дейін білген жоқ. Сыңарының есімі – Максим. Қарағандыда дүниеге келген Геннадий мен Максим былғары қолғапты бірге киген.

Түр-келбеттері ғана емес, салмақтары да бірдей болғандықтан, ағайындылар жарыстарда бірнеше рет бір рингте жолығып қалған жағдайлар да кездесіпті. “Өмірде – бауыр, спортта – қарсылас” деген қағиданың бұл екеуіне еш қатысы жоқ. Рингте жолығып қалған кезде бір-біріне жұдырық жұмсамай, жолдарын беріп отырған. Бұл туралы журналистерге берген сұхбаттарының бірінде Максим Головкин:

– Әлі есімде, біз Геннадий екеуіміз жарыстарда екі рет ақтық айқаста жолығып қалдық. Алғашында мен жұдырықтасудан бас тарттым, ал келесіде ол маған жолын берді. Осылайша, мен Қазақстан чемпионы атанғанмын. Елімізде қаржылық жағдай қиын еді ғой. Сондықтан ұлттық құрама сапына ену, жаттығуларға, жарыстарға бару үшін көп ақша қажет болды. Кедей отбасынанбыз дей алмаймын, бірақ екеуіміз бірдей құрамаға баруға қаржы тапшылық етті. Геннадийдің құлшынысын, бойындағы жалынды көріп, мен оған жолымды бердім. Сөйтіп, үлкен спорттағы өз мансабымды аяқтаған едім, – деп ағынан жарылған. Бауырының болашағы үшін өзінің армандарынан бас тарта білген нағыз азамат осындай-ақ болсын!

Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев та егіздің сыңары екенін қазіргі жастар біле бермейді-ау. Серік және Ерік Қонақбаевтар 1959 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Бұл жайында боксшы бір сұхбатында: “Содан не керек, анам Павлодарға кетеді де, сол жақта сыңарым Ерік екеуіміз 25 қазан күні дүниеге келіппіз”, – деп жазады. 14 жасынан бастап бокспен айналысқан Серік ағамыз небәрі алты жылдың ішінде Еуропа чемпионы атағына ие болды. Келесі жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында күміс жүлдені еншіледі. Оның әлем кубогының иегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, КСРО-ның екі дүркін чемпионы деген атақтары бар.

Даңқты боксшының егіз екені, сыңарының есімі алғашында Жастілек болып, көрші балалардың тілі келмей, мазақтай берген соң Ерік деп өзгерткені жайлы танымал спорт тілшісі, жазушы Несіп Жүнісбайұлы 1980 жылы жарық көрген Серік Қонақбаев туралы “Үшінші раунд” атты кітабында егжей-тегжейлі жазған. “Тұңғыштары егіз болды да, алғашқысын үлкендер жағы жиналып: “Жастардың тілегі орындала берсін, бұл бүлдіршіннің атын Жастілек қояйық”, – десті. Солай болды да. Ал дүниеге жарты сағаттай кейін келген бөбекті: “Алғашқысына серік болсын, Серік қояйық есімін”, – деп баталасты”. Егіздің сыңары Серік атанды”, – деп жазды жазушы.

Спорт саңылақтарының арасында қазақ жастары ішінен бокстан бірінші болып әлем чемпионатының “алтын тәжін” киген Серік Елеуов те егіздің сыңары. Еліміздің даңқын асырған аяулы азаматымыз Серік пен егізі Берік Елеуовтер 1980 жылдың 15 желтоқсанында Қарағанды қаласында дүниеге келген. Егіздің сыңары Серік пен Берік Қарағандыда №29 мектептің бастауыш сыныбында оқып жүргенде шахмат, таэквондо тәрізді спорт түрлерімен айналысқан. Жастайынан былғары қолғап өнеріне әуес болып өскен Серік – жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, Азияның үздігі, Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ең негізгі жетістіктерінің бірі – 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдесі. Қазіргі таңда Серік Елеуов бокс мектебінде шәкірт тәрбиелеуде.

Қазақ боксындағы егіздер туралы әңгімемізді осы жерден тамамдауға да болар еді. Бірақ жақында мәлім болған тағы бір жайтты айтпай кетуге болмас. Солтүстік Қазақстан облысының арғы-бергі тарихында бокстан КСРО чемпионы атанған екі-ақ былғары қолғап шебері бар екен. Соның бірі – марқұм Камиль Сафин де, екіншісі есімі қазір ұмытыла бастаған, бүгінде денсаулығына байланысты жүйке ауруына шалдыққандар емделетін интернатта жатқан Руслан Садықов деген азамат. Руслан жастар арасында одақ чемпионы, КСРО-ның спорт шебері деген атақтарға ие.

Міне, сол Руслан да егіздің сыңары екен. 1972 жылдың 14-ші маусымында Петропавл қаласында туған. Өкінішке қарай, егізі Равиль жарық дүниеге келгеннен 28 күннен кейін қайтыс болыпты. Боксшының анасы марқұм Сәния Омарқызы газетімізге берген сұхбатында (“Солтүстік Қазақстан”, 20 сәуір 2017 жыл, №4, “Чемпион”) үш қыздан кейін егіз ұл туғанда жары Минахмет төбесі көкке жеткендей қуанғанын айтып еді. Өз ұлты башқұрт болса да, нағашылары қазақ екенін ескеріп, ұлдарының құжатына “қазақ” деп жазғызғанын да сол сұхбат барысында білгенмін. Өкінішке қарай, айықпас дертке шалдыққан талантты боксшы қазіргі таңда дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлердің қарамағында.

Бұл біз білетін, елдің алдында жүрген танымал егіздер. Ал есімдері көп еленбей жүргендері қаншама? Медицина мамандарының айтуынша, егіз сәбидің іштен жетіліп немесе шала тууы балаға жолдасы арқылы берілетін қоректің аз немесе көп мөлшерде жетуіне байланысты. Ал дүниеге келгеннен кейін күш-қуаты жағынан дара туған қатарластарынан озық шығатыны ғылымға әлі беймәлім.

– Егіздер екі түрлі болады. Бір жұмыртқадан пайда болғандар және жеке-жеке жұмыртқадан ұрықтанғандар деп бөлінеді. Кейде бір жұмыртқадан пайда болған балалардың өздері бір-біріне ұқсамай жатады. Егіздердің біреуінің салмағы екіншісінен кем туатын кездер көп. Ал егіздің сыңарларының не себепті ерекше қабілетті болатынын мен білмеймін. Жалпы менің дәрігерлік тәжірибемде егіздер көп кездесті. Ал 2011 жылы бір ана төрт сәбиді аман-есен өмірге әкелгенін көрдім. Қазіргі таңда нәрестелер ержетіп келеді, – дейді Петропавлдағы №1 емхананың бас дәрігерінің акушерлік-гинекология және педиатрия бойынша орынбасары Бибігүл Көжекбаева.

Нидерландының Неймеген университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу жұмыстарына көз салсақ, әлем бойынша әрбір 1000 балаға 13,6 егізден келеді екен. Егіздер қара құрлықтағы Бенин, Нигерия және Того сияқты елдерде өте көп. Мұнда егіздер саны 1000 балаға шаққанда 18-ден тиесілі. Азия және Латын Америкасында – 8 сәби. Ғалымдардың айтуынша, аналардың дүниеге бір емес бірнеше нәресте әкелуі жас ерекшелігіне байланысты, яғни әйел 30-дан асқан кезде бойындағы гармондары күшейеді екен де егіз табу мүмкіндігі жоғарылайды. Бұл құбылыстың тұқым қуалайтындығы да дәлелденген. Тұрғылықты жердің, климаттың да қатысы бар. Мысалы, Қостанай облысындағы Тагил деп аталатын ауылда соңғы 20 жылда 29 ана егіз тапқан. Бір жарым мыңдай ғана тұрғыны бар елді мекен үшін – бұл жоғары көрсеткіш.

Ерте замандарда адамдар егіздерге ерекше қараған. Тіпті, ежелгі үнді мифологияларында оларды “Аспан құдайының балалары” деп те атаған. Осы сынды теңеулер Африка құрлығының нуэр, ньоро, ронга және басқа да тайпаларының аңыздарында жиі кездеседі. Өткен дәуірлердегі аңыздардың желісіне көз салсақ, адамдар егіздерден қорыққанын да аңғаруға болады. Аңыз бойынша көбіне екеуінің бірі жақсылық, бірі жамандықтың белгісі болған. Бүгінде егіздерден ешкім қорықпайды, олардың ана құрсағында қалай пайда болатынына дейін ғалымдар тәптіштеп зерттеп қойған. Дара туған баладан еш айырмашылық жоқ екенін айтады. Қалай десек те, егіздердің өзгелерден ерекше жаратылыс иелері екенін мойындауымыз керек.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp