«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕДАҒАҢНЫҢ БАЛТАСЫ

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша жан аямай күрессе, тылдағы еңбек те бір толастаған жоқ. Майданға аттанған ерлердің орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Олар сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен қамтамасыз етті. Сондықтан Жеңіс күні – тыл ардагерлерінің де мерекесі.

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ұрыс, соғыс деген екі сөз бар. Соғыс деген түсінік – кең түсінік. Оған жалғыз әскери киім киген кісілер ғана қатыспайды, оған әрі-беріден соң әр отбасы мүшелері қатысады. Неге десең, соғыстың зардабын соғыс жылдарындағы жас балаларға дейін тартады. Түсінсең, жас нәрестелер де – соғысқа қатысушылардың бірі», – деген болатын. Батыр Баукең айтқан соғыстың балалары – біздерміз.

Аналарымыз майдандағы әке мен ағаның орнын басып, күні-түні тылда еңбек етіп, бесіктегі баласына қарауға мұршасы болмады. Елдегі ер-азамат түгел әскерге алынып, ауылдың шаруашылығын жүргізуге кемпір-шалдар мен жас балалар жұмылдырылды. Ауылдың сұрқы, адамның ырқы қашқан кез еді. Колхоз кеңсесінің төңірегі жетім-жесір, кәрі-құртаң, сырқат жандардан аяқ алып жүргісіз. Жәрдем сұрап, еңкілдеп жылағандар кеңсе табалдырығын аңдып, босағасын босатпайды. Колхоздың да қайбір шекесі қызып тұр дейсің? Қақаған қыста жағатын отыны жоқ, өзі кімнен қайыр сұрарын білмей отырған кез. Сондай қиын кезеңде жағдайды саралап, шығар жолды тапқан іскер, халық қамын ойлаған, ел басқарған азаматтар аз болмаған.

Соғыста алған ауыр жарақаты салдарынан елге оралған Сексенбай елдегі қиын жағдайдан халқын аман-есен алып шығудың амалын ойлап әлек болды. Қан майданның ортасында болып, талай боздақтың көз алдында шәйіт болғанына куә Сексенбай басқарманың еліне жаны ашымай тұра алмас та еді.

1992 жылы Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденовтің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушының туған ауылындағы Амангелді орта мектебінде (мен ол кезде сол мектептің директоры едім) мұражай бөлмесі жабдықталып, оның ашылу салтанаты жазушының мерейтойы күні болды. Сафуан ағамыз шығармашылығын жоғары бағалайтын талантты інілерін – Қабдеш Жұмаділов пен Төлен Әбдіковті елін, жерін көрсетуге тойына арнайы ертіп келген еді. Мұражай бөлмесіндегі ел тарихынан мәлімет беретін бір жәдігер жазушы Қабдеш Жұмаділовтің назарын аударды.

– Мынау әбден тозығы жеткен, көп ұсталған балта екен. Мұнда бір сыр бар- ау, шамасы? – деген сұраулы пішін танытты.

– Е-е… бұл 1943 жылдың қатал қысынан талай отбасын аман алып шыққан Едағаңның балтасы ғой, – деп сөзін сабақтады қарт ұстаз Сапа Әлмырзаұлы. – Соғыстың төтеп тұрған кезі. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады» дегендей, 1943 жылдың қысы қатты болды. Жай да қоңторғай тірлік кешіп отырған ауыл тұрғындарын солтүстіктің кейде апталап соғатын ақтүтек бораны мен жіліктің майын қатыратын қақаған суығы одан сайын жүдетіп жіберді. Жұрттың жағар отыны таусылуға айналды. Жұмсай қоятын қолғанаты жоқ, балаларын майданға аттандырған қарияларға тіпті қиын болды. Сол қиын уақытта көмекке зәру қарттарға қолынан келген жәрдемін аямаған адамның бірі – жұрт құрметтеп «Едаға» атап кеткен Еділбай деген кісі еді. Күні бойы колхоз жұмысын істеп, кешке қарай отыны таусылған бір қарияның үйіне отын әкелуге өгізін аяңдатып кетіп бара жататын Едағаңды көретін едік. Сондағы Еділбайдың отын шабатын қаруы – осы балта. Қыстың суығынан қатып қалған қайыңға балта батырудың өзі де оңайға түспейтін. Кейде «Еділбай отынға барғалы жатыр» дегенді естіген қариялар қолдарындағы өгіздің басына ғана ие болуға жарайтын балаларын өгіз шаналарымен ертіп жіберетін.

Қайың шоқтарын солтүстіктің қарлы бораны айнала мелтектетіп, кісі бойындай қалыңдықта басып қалады. Өгіз шанамен ағашқа жақындау мүмкін емес. Қардың жұқалау жеріне өгізді ағытып, шанаға байлап, ағашқа белуардан омбылап жетіп жол саласың, кесетін ағашыңды түбіне дейін қардан аршып барып кесесің. Осындай бейнетті жұмысты Едағаң жалғыз атқарды. Екі-үш шаналық ағашты Еділбай жалғыз өзі балтамен жығып, бұталап, бөліп, балалардың шаналарына артып беріп, қысқы түннің бір уағында солтүстіктің шыңылтыр аязында шаналары сықырлап келе жатқанын еститінбіз. Едағаңның мұражайға қойылған балтасының сыры осындай, – деп Сапекең әңгімесін аяқтады.

Біз бала күнімізден соғыстың ел ішіне қандай алақұйын салғанын естіп, біліп өстік. Сұрапыл соғыс біреуді ағасынан, енді бірін әкесінен, тағы бірін сүйген жарынан айырды. Соғыс салған зұлматтың ауылы араға неше жыл салып алыстаса да, жүрекке салған жарасы өшкен жоқ.

Сондықтан «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деп жан аямай еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің майдандағы жеңіске қосқан үлесі зор екенін айтқым келеді. Сондай-ақ Еділбай секілді тыл еңбеккерлерінің еңбегі – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

ардагер ұстаз.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp