Төртжылдық циклды жарыстың кезекті кезеңі – Рио-де-Жанейро Олимпиадасы жақындаған сайын солтүстікқазақстандық спортшылар арасында жолдама алғандардың саны арта түсуде. Қызылжарлық спортсүйер қауымның көңілін тасытқандардың бірі – жеңілатлетші Екатерина Эктова. Тамыз айында Олимпиада алтыны үшін күрескелі отырған саңлақ спортшымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Екатерина Николаевна, олимпиадалық жолдамаңызбен құттықтаймыз!
– Рахмет! Алматыда ересектер арасында жеңіл атлетикадан өткен Қазақстан кубогы мен ел біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп, Рио-де-Жанейрода жалауын желбірететін жазғы Олимпиадаға жолдаманы ұтып алдым. Жолдама үшін қажетті ең төменгі норматив – 14,10 метр болса, мен 14,16 метрді бағындырып, өзімнің бұған дейінгі рекордымды жаңарттым.
– Бұл жеңістің оңайлықпен келмегені түсінікті. Жолдама алу қаншалықты қиын болды?
– Мен бастапқыда үш қарғып секіру спортымен айналысқан едім. Үш жылдан соң ұзындыққа секіру спортына ауысып, жаңа бағытта бағымды сынап көрдім. Жеті жылдан соң өзімнің бастапқы спортыма қайтып оралдым. Өзіңіз көргендей, алғашқы нәтижем жаман емес.
Алматыдағы сайыс барысында да бойымдағы сенімділікті жоғалтпай, жеңіске жетуге талпындым. Осы ретте бапкерлерімнің еңбектері ерен екенін айтқым келеді. Есімдері Қызылжар жұртшылығына жақсы таныс ата-анам – Александр Николаевич пен Нина Викторовна Эктовтардың қарамағында жаттығып, ұзындыққа үш қарғып секірудің қыр-сырын талмай үйренгеніме біраз жылдың жүзі болды. Бүгінде осындай білікті мамандардың қадағалауымен мақтанарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алдым. Атап айтқанда, Италияда өткен әлем біріншілігінде төртінші болсам, 2015 жылы Олимпиада жеңімпазы Ольга Рыпакованың атындағы халықаралық турнирде 6,23 метрге секіріп, жеңістің ең биік тұғырына көтерілдім. Үстіміздегі жылы Өскемен қаласында жеңіл атлетикадан ересектер арасында өткен ел біріншілігінде ұзындыққа секіруде 6,2 метр нәтиже көрсетіп, алтыннан алқа тағындым. Спорттық мансабымда ұққаным – жоғары жетістікке жету үшін өзіңе жаңа міндеттер қоя білу қажет. Ал күнделікті нәтижеңді қайталап, соған қанағат етсең, болашақта жеңістің биік тұғырына көтерілуің екіталай.
– Қыр астында – Олимпиада. Дүбірлі додаға дайындығыңыз қалай?
– Бәсекеге тыңғылықты дайындалу қажет. Аздап тынығып алған соң Португалия еліне сапарға шығып, спорттық оқу-жаттығу жиындарына қатысамын. Ал тамыз айында Риоға жол тартып, Лондондағы XXX жазғы Олимпиада ойындарындағы жетістікті қайталаймыз деген үмітіміз де бар.
– Риоға дейін қандай да бір жарыстарға қатысасыз ба?
– Маусым айында ел құрамасының сапында Қырғызстанның Бішкек қаласында Олимпиада жеңімпазы Татьяна Колпакова атындағы халықаралық сайысқа, жеңіл атлетикадан Азиядағы ең үздік турнирлердің бірі саналатын дәстүрлі Қосанов мемориалы мен жеңіл атлетикадан Ұлттық біріншілікке қатысуды жоспарлап отырмыз.
– Биылғы Олимпиадада сіздің басты қарсыластарыңыз кімдер болады деп ойлайсыз?
– Қазіргі кезде мықты дегендермен тең дәрежеде өнер көрсетіп жүрген қыздар баршылық. Мықты спортшылардың орнын басып жатқан жаңа есімдер де аз емес. Сондықтан ол жерде әлсіз ойыншы болмайтыны түсінікті. Дегенмен, кіммен болсын сайысуға дайынмын. Алтыннан алқа тағу үшін барымды саламын.
Олимпиада чемпионы атану – әр спортшының басты арманы. Осы жолы да талай тер төгіп, белесті бағындырғандардың мерейі үстем болады емес пе?! Мен де діттеген арманына қол жеткізгендердің қатарынан көрінгім келеді. Бұйырса, алдағы уақыттарда жақсы нәтиже көріп қаласыздар.
– Төртжылдықтың дүбірлі додасынан кейінгі жоспарыңыз қандай болмақ?
– Олимпиададан кейінгі спорттық мансабымның қалай жалғасатыны белгісіз. Бірақ қазір барлық күш-жігерімді жұмылдырып отырған мақсат – ол Олимпиадада жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің көк байрағын желбірету.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.